Бүгін Ұзынкөл кентіндегі № 1 Ұзынкөл жалпы білім беретін мектебінің күрделі жөндеуден кейінгі тұсаукесері өтті. Облыс орталығынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдың тірек мектебінде 600-ге жуық бала білім алады. Өзінің зертханалары, кабинеттері және заманауи кітапханасымен жабдықталған.
Бұл жұмыстар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында жүзеге асырылды, деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен.
Күрделі жөндеу жүргізілген мектептің материалдық-техникалық базасын толық жаңартуға қор 249,8 млн теңге жұмсады.
Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев мектепті жаңартқаны үшін қор өкілдеріне алғысын білдіріп, облыстың жергілікті атқарушы органдары қордың басқа жобаларын іске асыруда пәрменді қолдау көрсететінін атап өтті.
– «Қазақстан халқына» қорымен ынтымақтастық әлеуметтік саланың жақсаруына ықпал етеді. Тек осы жылдың өзінде қор білім беру үшін сапалы жағдайлар жасауға бір жарым миллиард теңгеден астам қаражат бөледі. Бұл төрт тірек ауыл мектебін жаңартуға, робототехника кабинеттерін, арнайы мектептерге арналған заманауи жабдықтарды жеткізуге мүмкіндік берді», – деді Р. Мұхаметқалиев.
Мектеп оқушыларының әлеуетін дамыту үшін шығармашылық білім беру кеңістігі құрылды. Онда жеке телестудия, артстудия, смарт-кабинет, инновациялық жабдықтар және заманауи компьютерлік техника орнатылған.
Бұл Сарыкөл ауданының Урицкий мектебінен кейінгі заманауи жабдықтармен қамтылған екінші мектеп. Ол 2022 жылғы бағдарламаның арқасында жаңа өмірге қол жеткізді. Еліміз бойынша бағдарламаның бірінші кезеңінде барлығы 17 мектеп жаңартылған.
Қордың қайырымдылық бағдарламасының мақсаты – жақын маңдағы шағын жинақты мектептер үшін құзыреттілік және әдістемелік қолдау орталықтарына айналатын тірек мектептер үшін қолайлы білім беру ортасын құру.
– «Қазақстан халқына» қоры білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлесіп, бағдарламаның екінші кезеңі аясында Қостанай облысындағы 4 мектепті қоса алғанда, Қазақстан бойынша 63 тірек мектепті жаңғыртады, олар материалдық-техникалық базаны толық жаңғыртуды және жобаның серіктесі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ – нан әдістемелік қолдау алады, – деді қор өкілі Бауыржан Ерғазыұлы.
Мектептің 68 педагогы үшін НЗМ базасында өткізілетін педагогикалық ұжым мен басшылыққа арналған біліктілікті арттыру бағдарламасы бастау алды.
Бұл қадам Мемлекет басшысының білім беру сапасын арттыру, қала немесе ауыл арасындағы алшақтықты қысқарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға зор серпін береді. Оқытудың заманауи әдістері мен тәсілдерін қамтитын қарқынды курстар жарты жылға созылады, содан кейін бүкіл мектеп үшін үш жылдық әдістемелік қолдаумен бірге жүреді. Одан кейін педагогтер өз ауданының шағын жинақты мектептеріне әдістемелік көмек көрсете алатын болады.