Ұзынкөл ауданында халықты ауыз сумен қамту 65-тен 95 пайызға жетеді

Ұзынкөл ауданында халықты ауыз сумен қамту 65-тен 95 пайызға жетеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Жолдауында халықты таза ауыз сумен қамту мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Мамыр айында өткен Үкімет отырысында қалалық және ауылдық елді мекендердің тұрғындарын ауыз сумен 100% қамту іс-шаралары қаралған еді.

Көрсеткішке сүйенсек, Қостанай облысының ауыз сумен қамтудың 80,4%-пен төмен деңгейі байқалады. Десек те, Президент тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін халық сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қостанай облысында бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.

Айталық, Ұзынкөл ауданына қарасты 32 елді мекеннің 16-ы сапалы ауыз сумен қамтылған. Яғни, тоғыз мыңнан астам тұрғын таза су тұтынып отыр.

– Қалған 16 мекеннің 5 мыңнан астам тұрғыны суды құдықтан және арнайы қазылған су ұңғымасынан тасып ішеді. Ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде жұмыстар жоспарлы түрде жалғасуда. Биыл бюджеттен сумен жабдықтауды дамытуға 1,3 млрд теңге бөлінді,–деді Ұзынкөл ауданының әкімі Азамат Аужанов.

Аудан басшысының айтуынша, жалпы құны 3 млрд теңгеден асатын 3 жобаны іске асыру жалғасуда. Алғашқысы халық саны 870 адам болатын Ершов ауылындағы су құбырының құрылысы. Жұмыстар 2019 жылы басталып, 1,2 млрд теңге игерілген. Жобаны толық аяқтауға осы жылы облыстық бюджеттен 299,4 млн теңге бөлінген.

– Сондай-ақ, Трое-брат, Сатай, Сокол ауылдарында да магистральдық су құбыры тартылады. Осыдан екі жыл жұрын жұмыстар басталды. Биыл толық жоба жүзеге асырылады. Ол үшін 99,3 млн теңге қарастырылып отыр. Үшінші жоба бойынша халық саны 1 329 адам болатын Пресногорьков ауылына сапалы су тартылады. Облыстық бюджеттен 245,1 млн теңге бөлінді, – деді аудан әкімі.

Өткен жылы 444,2 млн теңгеге Ұзынкөл ауданына қарасты Новопокров ауылында су құбырын салуға жобалық-құндық құжаттама әзірленген. Жобаға ұзындығы 28 шақырым болатын магистральдық су құбырын жүргізіп, сорғы станциясын салу және екі су беру орталығын орнату кіреді.

– “Тойсай” ЖШС басшысымен уағдаластық. Кәсіпорын қаражаты есебіне  “санация” әдісімен ауылға тарату желілерін өз қаржысы есебінен салып береді. Жобаларды сәтті іске асырған жағдайда тағы 6 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтитын боламыз, – деді аудан басшысы.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ұзынкөл ауданының әкімі сумен жабдықтауда 4 жоба іске асырылғанда халықтың сапалы ауыз сумен қамтылу деңгейі 65 пайыздан 95 пайызға жететінін айтты.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу