Ұлттық киімді ұлықтаған Гүлжанат 18 наурыз – Ұлттық киім күні

Ұлттық киімді ұлықтаған Гүлжанат

Адам өмірі кейде тіптен ойламаған арнаға аяқ асты өзгеретіні бар. Себебі жүрек қалауы соны іздеп тұрса соған бет бұрады. Гүлжанат Нұржан Қостанай гуманитарлық колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, магистр. Отбасылы, сүйікті жар, аяулы ана.

Бақытты әйел. Былай қараған жанға бәрі бар. Бірақ оның жан сарайы әдемілікті сүйеді. Дүкеннің стандатты заттарына жан бітіріп, әдемі, ерекше, қайталанбайтын зат жасап шығарады.

Гүлжанатпен ойламаған жерден таныстық. Наурыз айы туғаннан бастап дәстүрлі күндер кезеңімен келеді. Сондайда қай-қайсымыз болмасын ұлттық киім іздей бастаймыз. Уақытша кие тұруға біреуден сұрап аламыз, не болмаса тіктіреміз, сатып аламыз. Әйтеуір не керек жылына бір келетін Наурыз мейрамын ұлттық киіммен шығарып салсақ болғаны деп ойлаймыз. Осылайша интернет беттерін ақтарып отырып, Гүлжанаттың парақшасына тап болдым. Түсінгенім ол тігінші емес. Бірақ парақшасының өзінен ұлттық нақышпен астасқан әдеміліктің иісі аңқып тұрғандай. Еріксіз әр суретке үңілесің. Қарапайым әр посттың өзі көңіл жадыратады.

Сөйтсек, ол тапсырыспен алынған, әйелдерге арналған қажекей мен этоно шапандарды ұлттық нақышқа бейімдеп, әшекейлермен безендіреді екен. Ал қарапайым зергерлік заттарды қайта өңдеп, түрлі әшекей құрастырып шығарады. Мұндай әдемілікке сұраныс деген ешқашан үзілмейді. Біз кейде бір іс бастасам екен деп аласұрып, ананы-мынаны қарап, бизнес идея іздейміз. Негізі, кәсіптің өзі өмірден алынады, сұраныстан туады. Сенесіз бе, Гүлжанат дәл осылай кәсіп бастаймын, ол тәп-тәуір пайда әкеледі деп тіптен де ойламаса керек. Онысымен қоймай алдында отырған студенттерін де баулып, ақша табуға үйретіп жүр.

“Өзім мұғалім болған соң ең алдымен алдыма келген жастарға тәрбие беру, бағыттауды ойлайсың ғой. Мен өзім әу бастан қолөнерді жақсы көремін. Қандай киім кисем де әдемілеп, өзгешелеп, жарастырып, қонымды етіп кигенді ұнатамын. Қолөнерге бейімділігім анамнан дарыған болар. Жастарға қарап кейде көңілім толмайды. Алтын уақыттарын тик-ток қарап босқа жібереді. Сосын олардың басын қосып, зергерлік заттарды жасауды үйрете бастадым. Үйреніп алып, олар да тапсырысқа жұмыс істеп, өздеріне керекті қаражаттарын таба бастады. Оқытушы шәкіртінің алдында айна сияқты. Олар бізге қарап бойтүзейді. Олардың да ұлттық киімге деген көзқарастары өзгеріп, шаштарына шашбау, қолдарына сақина тағып жүретіндерін байқадым. Міне, санаға оң әсер ету осылай басталады”, – дейді Гүлжанат Нұржан.

Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА     

Жаңалықтармен бөлісу