Қостанай қаласындағы №32 сайлау учаскесінде дауыс беру рәсімі қыза түсті. Сайлауға қазақтың ұлттық киімін киіп келген егіздер Ольга және Татьяна Штома ерекше көзге түсіп, жұрт назарына ілікті.
№32 учаскелік сайлау комиссиясы Текстильщиктер көшесіндегі студенттер мәдениет сарайында орналасқан. Тізімде жалпы саны 1731 сайлаушы тіркеліпті. Сағат 11:00-дегі жағдай бойынша азаматтардың 30-35%-і дауыс беріп үлгерді. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Қатима Сағынаева тұрғындардың келу белсенділігін жақсы деп бағалады.
«Біздің учаске бойынша биыл 12 жасөспірім 18 жасқа толып, бірінші рет дауыс береді. Оның біреуі таңертең келіп таңдауын жасады. Тұңғыш рет сайлауға қатысқалы отырған жастарға сыйлық дайындап қойдық. Сонымен қатар 4 сайлаушы бүгін туған күнін атап өтеді. Оларға да сый-сияпатымыз бар. Таңертең жеті болмай дауыс берушілер келе бастады. Сағат 7:00-де бірден екі адам дауыс берді. Оларға да белсенділіктері үшін сыйлықтар үлестірілді. Көбінесе КСК шағын ауданында тұрып жатқан зейнеткерлер, үлкен кісілер келіп жатыр. Қарияларға ыстық шәй ұсынып, жайдары көңіл күймен қарсы алудамыз. Келушілердің көзқарасы жақсы», – деді ол.
Саяси науқан еліміздегі конституциялық реформалардың заңды жалғасы саналады. Айтулы күні қазақтың ұлттық киімін киіп келген егіздер Ольга және Татьяна Штоманы да сөзге тарттық.

«Біз үшін дауыс беру құқығы – елдің болашағын айқындауға, өз көзқарасыңды білдіруге мүмкіндік береді. Бұл – әр адамның жауапкершілігі. Сол себепті сыңарым екеуіміз Құрылтай сайлауына келдік. Дауыс беру күні өз елімізге, халқымызға жақын болуды қалаймыз. Сол себепті қазақ халқының ұлттық киімін киюге шешім қабылдадық», — дейді Татьяна Штома.
Егіздер Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде оқиды. Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығының 3-курс студенттері.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
