Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы ұйымдастыруымен қалалық және аудандық тілдерді оқыту орталықтарының мемлекеттік тіл оқытушылары арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы-2026» облыстық байқауы өтті.
Іс-шараға Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әбілов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Тілдарын» тілдерді оқыту орталығының басшысы Тоты Айтмағамбетова мұндай байқаулар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, оқытушылардың еңбегін дәріптеуге ықпал ететінін атап өтті.

«Бұл байқау дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Негізгі мақсаты – өңірлерде қызмет істеп жатқан оқытушыларымызды қолдау. Сайыс үш кезеңнен тұрады. 10-ға жуық қатысушылар мен 10 өзге ұлт өкілдерінен тыңдаушылар қатысып отыр», — дейді Тоты Айтмағамбетова.

Сайыстың үш кезеңі бойынша қатысушылар білімдері мен біліктерін ортаға салып, ішінен 3 орынды Федеров ауданына келген Асылгүл Бақытжанова иеленсе, 2 орынды Қарабалық ауданынан Алмабике Ескендірова жеңіп алды. 1 орынды Сарыкөл ауданына келген Айбек Құндақбаев алса, Жангелдин ауданынан келген Әсел Дүйсенбі бас жүлдені қанжығасына байлады.

«Байқау жоғарғы деңгейде өтті. Барымды салып дайындалдым. Болашағымды тек ұстаздық жолман байланыстырамын. Мұндай байқаулар өзіңе сенім мен жұмысқа деген қызығушылық қалыптастырады», — дейді жеңімпаз Әсел Дүйсенбі.

Кеш соңында жеңімпаздар марапатталып, грамоталар мен ақшалай сыйлыққа ие болды.
Байқау барысында мемлекеттік тілдің дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген оқытушылар бар күш-жігерін салып, тың әдістері мен шығармашылық ізденістерін ортаға салды. Қатысушылардың дайындығы мен жауапкершілігі көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдерінен құралған тыңдаушылардың қатысуы мемлекеттік тілге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті. Мұндай байқаулар ұстаздардың мәртебесін көтеріп қана қоймай, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге де үлкен үлес қосады.
БОТА МАНЕТ
