Аманкелді ауданы әкімінің штаб отырысы өтіп, онда Үрпек ауылының халқы эвакуацияланатыны туралы айтылды.
Штаб басшылары тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Үнемі тығыз байланыста болып, 23-0-00 номеріне хабарласуын сұрайды. Себебі судың қарқыны өте қатты. Екідіңдегі жағдай қайталанбас үшін адамдардың барлығын қауіпсіз жерге шоғырландыру қажет. Бұл туралы штаб басшылығына сол ауылдың тұрғыны Серікболсын Құлжанов баяндады.
“Қызыл жұлдыз ауылының басындағы жағдайға қарап Үрпек ауылы қауіпсіз жерге көшу керек деген ойдамын. Бұл бізге сабақ. Мен эвакуациядан шыққан адаммен сөйлестім. “Біз еш алаңсыз отырғанбыз” деді. Соңы не болды? Халық верталетпен кетті, малдың бәрі ағып кетті. Ауыл тып- типыл болды. Сол оқиға біздің басымызда болмасына кім кепіл?” – деді Серікболсын Құлжанов.
Казіргі таңда Үрпекке қызыл су жетті деген хабар бар. Қырдан құйылған судың деңгейінің өзі біраз жерге жетіп тұр. Есесіне, оны ол жақтың трассасы да көтере алмайды. Екі күн бойы ауылдың азаматтарының қапшықпен бөгеп ұстағаны көмектесе алмай, жолды су жырып кетті деген хабар да жетіп отыр. Ол дегеніміз қиын шаруа. Енді әуе арқылы эвакуациялаудан басқа амал жоқ. Бөгет жырылған жермен халықты алып өту қауіпті. Ауылда жүз тоқсан алты үй бар дегеннің өзінде әрбір адам санын есептесек, мың жеті жүз адам бар.
Аудан орталығынан Үрпек ауылының тұрғындары үшін арнайы орындар дайындалып жатыр.
Айбек ТАҢАТБАЕВ