Тыңмен түлеген, тыңнан түзілген

Тыңмен түлеген, тыңнан түзілген

Қазақ даласының сайын төсінде тарихы тым тереңге кететін ауылдар көп. Сонымен қоса ғұмыры өткен ғасырдың орта шеніне бастау алған қоныстар да аз емес. Солардың басым бөлігі елуінші жылдардағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны кезінде бой көтерді.

Кең далаға қаз-қатар қоныс тігіліп, бұрын адам аяғы сирек басқан алқаптарда жаңа елді мекендер пайда болды. Картадағы жаңа нүктелер мың-мыңдаған адамның тағдырын тоғыстырды. Ол ауылдар көптеген еңбекші этносты шоғырландырған ірілі-ұсақты шаңырақтар еді.

blank

Жылдар өте бұл қоныстар талай буының ыстық ұясына, биік тұғырына айналып, өркен жайып, астықты өңірдің ырысын үстемелеуге үлкен үлес қосты. Бүгінде әрқайсысының бай шежіресі, өзіне ғана тән тарихы бар. Енді, міне, тыңмен түлеген, тыңнан құрылған сол ауылдардың өткені мен бүгіні тұтас бір дәуірдің айнасына айналып отыр.

blank

Кеңес дәуірі кезінде еңбекшілер көтерген сондай ауылдардың бірі осы Тимирязев еді. Нақ сол тың игеру басталған 1954 жылы қазығы қағылыпты. Ауылдың байырғы тұрғындарының дерегінше, тың науқанына дейін Сарыкөл даласының осы бір пұшпағында ешкімнің қонысы болмаған. Алдын ала жүргізілген барлау-бақылау жұмыстары қорытындысында қазіргі аумағы құрылысқа таңдалған көрінеді.

«Алғашқы геобарлаушылар өлкемізге 1952-1953 жылдары арнайы келіп, осы жерді ауылдың ортасы болсын деп, картаға таңба салып кеткен екен. Содан кейін 1954 жылы қар кете алғашқы қоныстанушылар келе бастаған. Елдің айтуына қарағанда, мұнда украиндер мен беларустар, орыстар мен молдавандар көп жіберілген. Немістер саны да едәуір болды. Сосын, әлгі, латыш, татар және кавказдықтар қоңсыласып тұрды. Әрине, қазақтар үлесі де аз емес-тін. Көп этносты ауыл ғой», – дейді жетпістің бесеуіне таяған ақсақал Ораз Кукаев.

Отанынан алшақтап, қазақ даласында түтін түтеткен өзге ұлт өкілдері, түрлі тағдыр иесі бір ауылдың тарихын түзді. Оларды еңбек пен ертеңге деген үміт біріктірді. Дала иесімен арадағы татулық ел қылды.

Тың игеру науқанының ауыр зардабын бірге көрді. Кеңес билігінің жанама, жымысқы идеологиясы да қазақтың иығына аз салмақ түсірген жоқ. Ораз ағамыз әңгімесін осылай саптай келіп, өзінің де осы ауылдың тұрғыны атану тарихын баяндай өтті.

«Хрущев айтты деген мынадай сөз бар екен: «Ертең Тың игеруге қазақ даласына барасыңдар. Қазақтың қыздарын әйел қылып аласыңдар. Тұқымдарыңды көбейтіп, аты-жөнін өздеріңе, славян ұлтына жаздырасыңдар. Солайша ол ұлт біртіндеп азая-
ды, түбі жоқ болып, бізге сіңіп кетеді». Көрдің бе сасық саясатты! Оған дейін де опыр-топырымыздың шыққаны аз ба? Мысалы, әкем 1932 жылы қолдан жасалған ашаршылық кезінде Ресейге қашып, жан сақтаған. Белсенділер тіміскіленіп, асын аузынан жырып, күн көрсетпегесін бірнеше туысымен арғы жаққа өтіп кеткен ғой. Ал атамекеніне әкем 1972 жылы қайтып келеді. 40 жылдан кейін. Мен ол кезде қызыл әскерде едім. 1973 жылы осында әке-шешеме келдім. Міне, осы ауылда  содан бері тұрамын», – дейді қария.

Сөйтіп, тағдыры бір, тарихы ортақ қауым Тимирязев ауылын бірлесе көркейтті. Бірлігі бекем, тірлігі көркем, ырысы тасып-төгілген, төскейі малға, қырманы астыққа толы, еңбекте озат елге айналды. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында да іргесі сөгітілмей сақталып қалды. Бүгінде аудандағы шаруасы шалқыған, тұрмысы орныққан ең үлгілі ауылдардың қатарынан көрініп отыр.

 

Бірлігі бекем, тірлігі көркем

Тимирязев ауылы аудан орталығынан 50 шақырым жерде, көршілес Ұзынкөл ауданымен арқа тіресіп жатыр. Мұнда қазір 812 адам тұрады. Халықтың басым үлесі, 40 пайызға жуығы қазақтар. Аядай ғана ауылда 102 шаруа қожалығы бар. Егін салып, мал бағады. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі осы шаруашылықтарда жұмыс істеп, нәпақа айырып отыр.  Біз ауылға барған кез жергілікті ер-азаматтың барлығы дерлік шөп шабу науқанында жүрген уақыт екен. Алдымыздан ауыл әкімі Алтын Тайпақова күтіп алды.

blank

«Тимирязев – аудандағы шаруа қожалықтары ең көп ауылдардың бірі. Негізгі кәсіп – егін шаруашылығы. Олардың қатарында 52 гектар жері бар ұсақтары да, 5-10 мың гектар алқапқа иелік ететін ірілері де бар. Ауылдағы еркектердің барлығы дерлік соларда жұмыс істейді. Дәл қазір бәрі далада қызу жұмысқа кіріскен. Ал балалар жағы болса да жазғы демалыста», – деді ол, тымырсық түсте тым-тырыс жатқан ауылды нұсқап.

Ауылдың қамқор-тірегі де Алтын ханым атап өткен шаруашылықтар. Бизнес-
тің әлеуметтік жауапкершілігі ұғымын еш уақытта қаперден шығарып көрмеген. Туған жер тіршілігін оңалтуға әркез қол ұшын созып, кез келген салаға материалдық көмек беріп отырады. Мәселен, жерлігікті мәдениет үйін жөндеуге барлық кәсіпкер тізе қосып 30 млн теңге жинап берген. Оның 10 млн теңгесін ауылдағы ең ірі шаруашылық «Өтемісовтер» қожалығы қосыпты. Әкімдікпен арада жасалған меморандум аясында абаттандыру, нысандарды жөндеу ісіне қаржы бөлетін қалталы азаматтар да аз емес. Айталық, «Астық» шаруа қожалығы қазіргі уақытта кеңес кезінен қалған, қаңырап бос тұрған бұрынғы тир ғимаратын бұзып жатыр. Мектептің дәл жанындағы көнетоз нысан көптен бері айналасының көркін қашырып тұрған еді.

«Жалпы, бюджеттің және жанашыр азаматтарымыздың есебінен атқарылып жатқан жұмыс көп. Ауылымызда көзге ілігер ешқандай мәселе жоқ дей аламыз. Ауыз су түйткілі осыдан он жыл бұрын шешімін тапты. Әр үйге кіріп тұр. Ауданға апарар жолымыз 2020 жылы жөнделген. Сайрап жатыр. Бұрындары шұрық-тесік болатын. Дала жолымен жүретін едік. Ауыл ішіндегі жеті көшенің төртеуі асфальтталған. 55 млн теңгеге екі көшемізді жөндеуге смета дайындадық. Әзірге облыстың мақұлдауын күтіп отырмыз», – деп инфрақұрылымнан ақпар бере кетті Алтын Тайпақова.

Мұнда ауылдың қамсыз тіршілігіне қажеттінің бәрі табылады. Фельдшерлік-амбулаториялық және ветеринарлық пункттер жұмыс істеп тұр. Даңғарадай мәдениет үйі, жергілікті кітапхана, кең саябағы, үлкен мешіті бар. Орта мектептің де жай-күйі жақсы. Соңғы рет 2022-2023 жылдары жөнделген. 120 бала оқиды. Шағын орталық пен мектепке дейінгі даярлық сыныбын қоса есептегенде 52 бала тәлім алады. Маман тапшылығы да жоқ. Жұмысқа жаңадан кірген жас мұғалімдердің барлығы дерлік осы білім ұясының түлектері. Жаңа оқу жылына дейін жабық тұр. Байланыс, интернет жайынан да еш кінәрат жоқ. Ауыл басшылығының айтуынша, интернет жылдамдығы өзге ауылдардан қарағанда әлдеқайда сапалырақ. Көші-қон жағдайы да тұрақты. Тұрғындар саны не кемімейді, не қазіргі межеден артып та кеткен емес.

«Соңғы рет «Өтемісовтер» шаруашылығы сырттан төрт отбасы көшіріп әкеліп, үймен қамтамасыз етті. Бастан-аяқ жөнделген, жиһазбен қамтылған дайын баспанаға орналас-
тырды. Алаңсыз жұмыс істеуге жан-жақты жағдай жасады», – дейді ауыл әкімі.

Тарқатыңқырап айтсақ, үлкен жастағы механизаторлар зейнетке кеткен соң қожалық иелері осы ауданға қарасты Барвин ауылынан бір отбасы, Рудныйдан екі және Ұзынкөлден бір отбасын әкеліп қоныстандырған. Қалағандарына мал да сатып әперген көрінеді. Жұмысшылардың бәрі қырда шөп шауып жүргендіктен, жолығып, хал-жайларын білудің орайы келмеді…

 

Қиранды орнына – сәнді саябақ

Ауыл ортасындағы көрікті орындардың бірі – «Әлия» саябағы. Мұндай әсемдігімен көз тартатын үлкен демалыс орны аядай ауылдардың көбінде жоқ. Аумағы – 4 мың шаршы метр. Кеш түсе жасы мен жасамысы осында жиналып, сейіл-серуен құрады. Мереке-
жиынның көбін осы саябақта өткізу де әдетке айналған.

Ал мұны өңірге белгілі құрылыс компаниясы – «АБЗ плюс» ЖШС 2010 жылы тарту еткен. Өйткен себебі – компания басшысы Сырымбет Омаров осы ауылдың тумасы. Кәсіпкердің туған жерін түлетуге сіңірген еңбегі аз емес. Бұл нысан соның бір парасы. Ауыл үлкендерінің айтуынша, саябақ бұрынғы үлкен ғимарат бұзылып, үңірейіп орны қалған жерге салыныпты.

«Кеңес үкіметі уақытында мұнда облысқа танымал мәдениет сарайы болған. Басқа өңірде ондайды көргенім жоқ. Аралап жүрдік қой талай жерді. Ішінде акт залы, кино, спорт залдары, шайханасы және басқасы болды. Кеңес билігі құлағасын жабылды. Бірақ қаңқасы қалқайып көп уақыт тұрды. Ешкімге қажетсіз болды. Содан 1999 жылы бұза бастады. Бір кездері мен де басқарып едім осы ауылды. Бұздырмай жүр едім. Мені шығарып жіберді де өздері талан-таражға салды. Міне, жақында ашылған «Әлия» саябағы соның орнына салынған керемет, үлкен демалыс орны», – дейді бұл жөнінде ОразКукаев.

Ораз ағамызды саябақ жөнінде сұхбатқа тартуымыз бекерлік емес-тін. Бұл кісі темірден түйін түйген ғаламат ұста-шебер болып шықты. Осы демалыс орнының ішін толтырған сан түрлі скульптура – ағамыздың туындылары. Тұғырға қонған елік, жартаста айбат шегіп тұрған ілбіс, алыстан «менмұндалайтын» алып алма – қай-қайсысы да шынайылығымен көз арбайды. Пирамида пішініндегі бас сахна, ардагерлер есімі ойылып жазылған тастұғыр, балалар ойын алаңы да шебердің ауылға деген перзенттік сый-тартуы. Табиғатында өзін мақтап сөйлеу әдеті жоқ ағамыз осы бір ғажап өнерінің қыр-сыры туралы ашылып айта қоймады.

«Сырымбет Омаров деген кәсіпкер азамат осы ауылдың жігіті ғой. Ол туған жеріне көп көмек береді. Ол кісі көмек бергесін біз де жай отырмайық дейміз. Біреуі көше сыпырса, біреуі қоқыс шығарса, біз қолымыздан келген ана-мынаны істейміз. Ауыл өзіміздікі, бас-көз болуымыз керек. Бір күні сол Сырымбет: «Мына қиратылған мәдениет үйінің жайрап жатқан тасы көп қой, тазалап берсеңдер, орнына саябақ салайын», – деді. Ауыл болып қуана келістік. Айтқанындай еттік. Уәдесінде тұрып, тамаша саябақ ашып берді. Сосын біз де қолдан келгенше көріктендіруге тырысып жатырмыз», – дейді ақсақал.

Ішіне жағалай төсемтас салынған. Қақ ортасында «Лотос» аталатын сәнді субұрқағы, самалдығы, жағалай қойылған орындықтары, екі жерде ойын алаңы бар. Шырша, терек көшеттері егіліпті. Екі жыл бұрын бастамашы кәсіпкер өз қаржысына асфальтін толық жаңартып, қоршауын өзгертіп берген. Қолда барды аялап, күтіммен ұстауды жергілікті әкімдік ұдайы қадағалап отырады. Саябақты көгалдандыру, гүл егу, суару, әктеу-сырлау, тазалығын сақтау ауылдықтардың ортақ міндетіне айналып кеткен.

Зәулім мешіті бар ауыл

Сарыкөл ауданы аумағында мешіт екі-ақ елді мекенде бар. Бірі – аудан орталығында, ал екіншісі – осы Тимирязев ауылында.

blank

Мұндағы 300 орындық мінәжат орны тұсында елдің қадірлі тұлғасы болған Омар атаның есімін иеленіпті. Оны да жерлестері үшін
«АБЗ Плюс» компаниясы салып берген. 2012 жылы 29 қыркүйекте ашылған.

blank

Содан бері жергілікті мұсылман жамағатына қызмет етіп келеді. Біз де құлшылық мекеніне арнайы бас сұқтық.

blank

«Өзімнің осында имам болып қызмет етіп жатқаныма төрт жылдай ғана уақыт болды. Алайда осындағы жасы үлкен кісілерден жан-жақты мағлұматына қанықтық. Омар деген кісінің елі осы өлкеден екен. Керемет діндар адам болған көрінеді. Өзі ерекше бір алпамса денелі кісі болды деседі. Сый-құрметі көпке тараған. Сол кісінің ұрпақтары осы мешітті салып, аталарының атын беріпті. Алыс-жақыннан құрметті меймандар, имамдар келіп, тойға бергісіз іс-шара өткізіп, сән-салтанатымен ашылуын жасаған», – дейді мешіт имамы Төрехан Шаметов.

Омар ата мешіті былтыр ғана 45 млн теңгеге жөнделіпті. Барлық шығынын ұрпақтары көтеріп, қалпына келтіруді қажет ететін тұстарын толық жаңартқан. Іргетас жабындарын ауыстырып, қоршауын жаңалап, жалпы ішкі-сыртқы жұмыстарын реттеп берген. Ал енді жыл сайынғы жеңіл-желпі жөндемдерді ауыл азаматтарының қолғабысымен өзім жүргізе беремін деп отыр имам.

«Екі жыл болды – мешіт газбен қамтылды. Өте жақсы болды. Қыста құс ұясындай жып-жылы тұрады. Осыдан кейін халық діни мейрамдардан қай кезде де қалмайтын болды. Ал енді жаз кезінде ауладағы оны-мұны жұмыстарды өзім істей беремін. Жұбайым ішкі тазалыққа жауапты, ыдыс-аяқты қарайды. Қарапайым тұрғындар да қолкөмектен жалтарып көрген емес», – дейді Төрехан Шаметов.

Имамның айтуынша, Омаровтар бұл тұратын үйге де еурожөндеу жүргізіп берген. Мешітке газ қосатын жылы мұның үйіне де көгілдір отын құрылғысын орнатыпты. «Бұл «Алла үйі» мен ауыл жамағаты алдындағы қалтқысыз қызметке деген құрмет болар» дейді өзі. Ауылда 400-дей мұсылман бар екен. Әу бастағыдай емес, жылма-жыл мешітке бас сұғушы қауымның қатары көбейіп келеді.  Тіпті қадір түні күні бүкіл ауылға ауызашар беріліп, тарауық намазы оқылғанда мешітке адам сыймай кететін көрінеді. Өйткені көршілес ауылдардан да кісілер жиналады екен.

Ал осы мешіттің орнында ертеректе не болды? Оны да маңымыздан табылған Ораз ағамыздан сұрадық. Аз-кем ой жинақтап алған қарт өткен шақты есіне түсірді. Ағамыздың айтуынша, бұл мешіттің орнында бұрын үлкен сауда орталығы болыпты.

«Оның ішінде өзінің қонақ үйі, акт залы, асханасы бар еді. 70-ші жылдардың соңына таман ашылды. Сол кездің өзінде қазіргі қаладағы супермаркеттер сияқты жұмыс істейтін. Бір шетінен кіресің, дорбаны аласың, айналып жүріп саудаңды жасап, кассаға әкеліп төлейсің. Ол сол кездері Қостанайда да жоқ-тын. Сөйтіп, тоқыраумен бірге ол да құрыды. Оның да қаңқасы 1998 жылға дейін сау тұрды. Мен кеткен соң белсенділер дал-дұлын шығарып, қалталарын майлады. Сөйтіп, ауыл орталығы үңірейіп қалды», – дейді Ораз аға.

Кейін Омаровтар үйіндіні тып-типыл етіп тазартып, орнына жаңадан ақшаңқан мешіттің негізін қалаған. Содан бері бұл нысан құлшылық орны ғана емес, ауылдың ең көрікті ғимаратына айналды. Қазір мұнда жұма сайын бас сұғатын тұрғындар қатары ұлғайды. Солардың бірі – жасы сексеннің бесеуіне келген Күлбағила Кәленқызы. Мешіт ішінде аз-кем пікірін білудің сәті түсті.

«Мінәжат орнының ашылғанына дән разы болдық, – дейді кейуана. – Өзім екі жыл бұрын қажылыққа барып келдім. Онда да мұсылман парызы ғой деп, жай көруге бардым. Үлкен атамыз Аққозы қажы баяғыда Меккеге жаяу барып, сонда қалған екен. Сол атамыз жүрген жерді көріп қайтуды мақсат тұттық. Ал ауылымызда осындай мешіттің болғаны қандай жақсы! Үнемі осында келеміз. Құлшылық етеміз. Имамымызға разымыз. Жұбайы да маңайын гүлдендіріп қойды. Соңғы уақытта халық көп жиналатын болды».

Күлбағила әжей бұл ауылда 1962 жылдан бері тұрады. Осында өсіп-өнген. Сауда саласында жұмыс істепті. Ардақты ана, немере-шөбере өргізген әже. Ауылдың ес жиғалы бергі тыныс-тіршілігі, өзгеріс-құбылысы көз алдында.

«Аудан көлемінде біздің ауыл өте жақсы. О бастан солай еді. Қашанда үздік қатардан көрінді. Небір мықты директорлар атағын шығарды. Қазір де астығы мол. Табыстары жақсы. Біздегі шаруашылықтарға сырттан жұмысшылар келіп жатады. Өз балаларым да әкеден қалған кәсіпті сабақтап, шаруашылықпен айналысады. Шүкіршілік етеміз, ауылым өркендей берсін! Бастысы, ел іргесі аман болсын!» – деп аналық тілегін білдірді әжей.

 

Алғашқы диқаны

Елді мекеннің көрікті, киелі орындарымен, арғы-бергі тарихымен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып болған соң ауылдың нағыз патриоты, айтулы ақсақалы, бесаспап азаматы Ораз
Кукаев құтты шаңырағына мейман етіп шақырды. Бір байқағанымыз, алақандай ауылда қос қабатты тұрғын үйлер көп екен. Сондай зәулім баспананың бірін алғашқылардың осы Ораз ағамыз өз қолымен тұрғызып шығыпты. Енді бір ерекшелеп айтары – бұл кісі осы ауылда бірінші болып шаруа қожалығын ашып, егін кәсібін бастап берген екен.

 

«Жасымнан ауыл шаруашылығы техникасын жөндейтін алаңда 16 жылдай ұста болып жұмыс істедім. Кеңес билігі құлаған соң ойлана келе  «бәрі қирап жатыр, бөлек шығайын» деген шешімге келдім. Сөйтіп, тәуекелге бел буып, Сансызбай деген жолдасыммен бірінші болып шаруа қожалығын аштық. 1992 жылы егін шаруашылығын қолға алдық. Ол кезде совхоздың төрт түлігі түгел. Қара мал 6 мың болды. Жылқы тұяғы да аз емес-тін. Он мың шошқасы да бар. Бірақ біз егінді таңдадық. Есебі жаяу жүріп істедік. Тақымда ескі мотоцикл. Алқаптағы көлігіміз – ДТ. «Әй, зорығып өлесіңдер, түбі қаңғып кетесіңдер», – дейтін көршілерім. Өлмедік, қаңғып кетпедік, іліктіріп әкеттік», – дейді кәнігі диқан.

Біртіндеп шаруаларының алға басқанын көрген ауыл 4-5 жылдан соң бұлардың соңына ере бастапты. Осылайша қатары көбейе келіп, шаруашылық саны 130-ға дейін көбейген. Бұл – басқа совхоздар тоз-тоз болып, «енді ештеңе өнбейді» деп, қолды бір сілтеп, бәрін тастап, тарап-тарап кетіп жатқан кез. Ал тимирязовтықтар өз алдарына жеке шаруа болып, жерді иеліктеріне алғанның үстіне ала берген. Осылайша, тәуекелшіл азаматтардың тасы өрге домалап, «диқандар ауылы» болып шыға келді.

«Бойда жастық жалын, күш-жігер барда азамат деген тәуекелден тайсалмауы керек қой. Солай ма? Еңбек қашанда мұратқа жеткізеді. Бүгін, міне, аздаған бейнетіміздің зейнетін көріп отырмыз. Өзім былтырға дейін жұмыс істеп, сосын осы ауылдағы балама қағаз-құжатын түгел беріп, демалысқа шыққан жайым бар. Қалған уақытымызды ұрпақтарымның арасында шаттық-қуанышына бөленіп өткізсек, әдемі қартайсақ, одан асқан бақыт жоқ», – дейді ағамыз.

Қазақы отбасыдағы татулық пен жарасым, шаңырақтағы береке мен мереке шынымен де көңіл тойдырады. Ораз аға екі ұл, екі қыздың әкесі. Бүгінде сол балаларынан тараған немере-шөберенің қызығына батып отыр. Айтқандай, зайыбы Майдаш апайдың күнделікті кәсібі – үй маңында алма, алмұрт, жүзім және сан түрлі көкөніс өсіру. Балбырап піскен алғашқы өнімдерінен дәм татып та үлгердік…

 

«Менің өз Құрылтайым бар!»

Бізді таң-тамаша қалдырған тағы бір жағдай – Ораз ағай осымен үшінші жыл Кукаевтар әулетінің Құрылтайын өткізіп келеді. Әкесінен, оның бауырларынан тараған үрім-ұрпақ берісі елдің әр түкпірінде, арысы Ресейде өмір сүріп жатыр. Құрылтайдың мақсаты жалғыз – түбі бір өскелең ұрпақ әулет тамырынан ажырап қалмаса, жатбауыр болып, бір-бірін танымай кетпесе деген тілек.

blank

«Жаңа Парламентіміз «Құрылтай» деп аталды ғой. Бұл да бір игі шешім! Ал менің өз Құрылтайым бар. 2023 жылы бәйбішеммен, балаларыммен ақылдасып, әулеттің бірінші құрылтайын өткіздім. Әкем, оның ағасы мен апасынан тараған ұрпақтың басын қосуды көздедім. Сөйтіп, әкімдіктің және басқа құзіретті орындардың рұқсатын алып, осы ауылда алғашқы құрылтайды дүркіреттік-ай келіп. Көп адам жиналатын болған соң мұрсат керек болды. Қостанайдан әнші алдырдым. Осы бір думанды көремін деп көрші ауылдың тұрғындары да келді. Әсіресе кеш қандай тамаша болды», – дейді ағамыз.

Ал биыл екінші құрылтайды ұйымдастырыпты. Ресейден, елдің түкпір-түкпірінен тума-туыс тайлы-тұяғы қалмай жиналған. Ораз ағаның айтуынша, шөбере саны 150-ге жетсе керек. Бұл жолы да аудан орталығынан өнерпаздар шақырып, мерекеге бергісіз жиын жасаған.

«Бұл, бір жағынан, халыққа тегін концерт, көңілді мереке, – дейді қария жымиып. – Мұндай дәстүр, әй, қайдам, Қазақстанда жоқ шығар. Ағайын-туысты таныстырып, аралас-құралас болуға қажет дүние бұл. Әйтпесе, өліп қалғанда жиналамыз ғой. Сүйекті көлденең жатқызып қойып, жылаймыз-сықтаймыз. Сондықтан «Тіріде жиналайық!» деймін мен!»

Туыстық қарым-қатынастың беки түсуіне, бауырмалдық, ауызбіршілікке, әрі-беріден соң елдікке үндейтін бұл бастама жақсы бір өнеге сыңайлы. Ағамыз осы үрдісті іркігісі келіп отырған жоқ. Амандық болса, араға аз уақыт салып, үшінші құрылтайдың дайындығына кірісуге ниетті…

blank blank blank blank blank  blank  blank blank blank blank blank blank   blank

 Түйін: Тимирязев – уақыт тезінен өткен, талай сынақты еңсерген, еңбек пен ауызбіршіліктің арқасында түлеген мекен. Мұнда өткеннің өнегесі бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігімен сабақтас. Кәсіпкерлер туған жерін көркейтуге үлес қосса, ақсақалдар тарихын түгендеп, жастар ертеңге сеніммен қарайды. Осындай үйлесім мен жарасым бұл ауылды перзенттерінің темірқазығына айналдырып отыр. «Үздік ауыл» байқауына ұсынылуы да – осы еңбектің, осы бірліктің заңды бағасы. Өйткені ауылдың көркі тек асфальтталған көшемен немесе сәнді ғимараттармен өлшенбейді. Оның басты байлығы – туған жердің тағдырын өз тағдырындай көретін адамдары. Тимирязевтің ең үлкен жеңісі де, ең басты құндылығы да сол.

Жандос Балғынбекұлы

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ

Сарыкөл ауданы