3 июня, 2025
Тұрғындар дабыл қақты. Қаңғыбас иттерге шұғыл шара қажет

Тұрғындар дабыл қақты. Қаңғыбас иттерге шұғыл шара қажет

Қостанайда қаңғыған иттер тұрғындарға шабуылдауда. Иесіз иттердің көбеюі тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп жатыр.

Статистикалық деректерге сәйкес, жыл басынан бері 626 адам иттен зардап шеккен. Тұрғындар дабыл қағып, нақты шара қолдануды талап етті.

Зардап шеккендердің қатарында қала тұрғыны Анастасия Яцкевич те бар. Ол түске таман Гоголь мен Қасымханов көшесінің қиылысында питбуль тұқымды қабаған иттің шабуылына ұшырағанын айтады.

– Телефонмен сөйлесіп келе жатқанда, ит кенеттен артымнан тап берді. Аяғымнан тістелей бастады. Қапелемде не болғанын түсінбей қалдым. Қабылдау бөліміне барғанда, тағы 12 адамның осы иттен зардап шеккенін білдім, – дейді жәбірленуші.

Анастасия «102» және «Ikomek» желілеріне хабарласқанымен, нақты әрекет болмағанын айтады. «Бейнедәлелдерсіз әрекет ете алмаймыз» деген жауап алған.

Елена Самойленко  Станиславовна есімді тұрғын да дәл осы иттің  қызын, одан бұрын өзін тістемек болғанын айтты. Оның айтуынша, бастапқыда полиция арызды жапқан, өйткені ит иесіз деп көрсетілген. Алайда кейін зооқорғаушылар бұл иттің иесі бар екенін растап, фотодәлел ұсынған. Қазір иттің нақты иесі анықталғанымен, ол жауапкершіліктен жалтарып отыр.
Келесі күні бұл иттен тағы бір қыз – Анна жарақат алды. Ол медициналық көмекке жүгінгенімен, әзірге полицияға арыз түсірмеген. Жәбірленушілер бірігіп ұжымдық шағым беруді жоспарлап отыр.

– Бүгін ғана қабаған иттің бірін ұстадық. Бұл — иесі бар питбуль тұқымдас ит. Сол маңдағы өзге иттерді де аулап жатырмыз. Бірақ дәл осы иттің нақты адам қапқаны дәлелденбей тұр. Қазір полицияға арыз жазылып, іс қозғалып жатыр, – дейді Қостанайдағы «Надежда+ КСТ» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары Ольга Соловьева.

Қоғамдық бірлестік жыл соңына дейін 2 мыңға жуық итті аулап, вакцинациялап, ен салуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде 500-ге жуық иесіз ит ұсталған.

– 2025 жылдың алғашқы төрт айында 923 адам антирабиялық көмекке жүгінді. Олардың ішінде 221-і — балалар мен жасөспірімдер. Жалпы 626 адам иттен зардап шекті, оның 400-ге жуығы — қаңғыбас иттердің шабуылы нәтижесінде жарақат алған, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Күміс Алпамыс.

Мамандардың айтуынша, әзірге құтырма дерті тіркелген жоқ. Бірақ бұл жағдайдың алдын алу үшін итке таланған әрбір адам уақыт оздырмай медициналық мекемеге жүгініп, қажетті екпелерді қабылдауы тиіс.

Кинологтар иттердің көбеюін өткен жылғы су тасқынымен байланыстырып отыр. Жағалаудағы тұрғындардың пәтерлерге жаппай көшуі көшеде байлаусыз қалған иттердің көбеюіне себеп болған. Қаланың әр ауданында қорқыныш пайда болды. Тұрғындар балаларын мектепке жалғыз жіберуге қорқады, саябақтар мен демалыс орындарына барудан қалған. Қазір Қостанайда қауіпсіздікке емес, бюрократияға тірелген бұл мәселе тез арада шешімін таппаса, арты қайғылы оқиғаға ұласуы мүмкін.

Балауса ЖҮНІС