Бұдан бұрын редакциямызға 18 беттен тұратын, қолмен жазылған хат келгенін хабарлаған едік. Хат иесі жағдайының ауыр екенін айтып, баспана алуға жәрдем сұраған. Бүгін Қостанай қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қатынастары бөлімінен жауап келді.
Хаттың иесі Майра Карбозовадан мән-жайды білгенімізде:
“Туған апамның тапқан азын-аулақ ақшасымен жан бағып келеміз. Ол аула сыпырушы, еден жуушы болып жұмыс істейді. Апам да тұрмыс құрып, отбасылы болмады. Әке-шешеміз қайтыс болған. Басқа бауырларым өз алдына отбасылы. Өз өмірлері бар. Қолыма қалам алып хат жазуымының басты себебі – пәтер алуға жәрдемші болсаңыздар деймін. Өзім кезекте тұрғаныма да он жылдан асты”, – деген еді Майра Тұяққызы.
Осы мәселені алға салып, қалалық Тұрғын үй қатынастары бөлімімен хабарласып, мән-жайды білген едік. Төмендегідей жауап алдық:
“Майра Тұяққызы Карбозова 2017 жылғы 18 тамызда «1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезегінде тұр. Кезектің реттік нөмірі – 2 308. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш берген сәттен бастап тізімдерде белгіленген кезек тәртібімен мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға беріледі. Белгіленген тәртіпті бұза отырып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру мүмкін емес, өйткені бұл тұрғын үй беруге мұқтаждар есебінде тұрған басқа азаматтардың құқығына қайшы. Сондай-ақ, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезегінде тұрған азаматтар «Отбасы банк» АҚ (Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 67-үй) арқылы тұрғын үй сатып алуға үміткер болуға құқылы екенін хабарлаймыз. «Отбасы банк» АҚ желісі бойынша сатып алушыларды іріктеуді жүзеге асыру кезінде «1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға» және «мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға» жататын азаматтар басым Санатта екенін қосымша хабарлаймыз”.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ