Мәжіліс электромобильдер туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Мәжіліс электромобильдер туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Заң жобасына бастамашы болған депутаттың бірі – Самат Мұсабаев әріптестеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдер инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша түзетулерді таныстырды деп хабарлайды ҚР Парламенті мәжілісінің ресми интернет ресурсынан.

 “Заңның алғашқы жобасын дайындаған кезде электрмобильдерді кең ауқымды қолдануға тежеуші фактор ретінде арнайы инфрақұрылымның болмауы және «мұнай өнімдерімен» жүретін көліктердің құнының төмендігін атап өткен едік. Қазіргі таңда елімізде жағдай түбегейлі өзгерді. Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарында электрқозғалтқышпен 812 жеңіл көлік тіркелсе, он екі айдың қорытындысы бойынша 7793 электркөлігі тіркелген, бұл дегеніміз электромобиль санының 9,5 есеге өскендігін көрсетіп отыр”, – деді С.Мұсабаев.

Оның айтуынша, «жасыл» көліктерге сұраныстың көбеюі қажетті инфрақұрылымды дамытуды ілгерілетуді талап етеді. Заң жобасының қабылдануы осы қажеттілікті өтеуге мүмкіндік береді.   Экология мәселелері және табиғат пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі Арман Қалықов заң жобасында «электромобиль» және «электрмен қуаттау станциясы» жаңа ұғымдары енгізілетінін айтты. Электромобильдерді тұрақ пен паркингтерде арнайы орындармен қамтамасыз ету жоспарланған, ал олардың иелері автотұрақ ақысын төлеуден босатылады.

Жолдарды жобалау кезінде электрмен қуаттау станцияларын орналастыру үшін резервке қою, оларды тұрғын және қоғамдық аймақтарда орналастыру көзделген. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстегі ілеспе түзетулерде электр қозғалтқыштарымен жабдықталмаған көлік құралдарының жүргізушілеріне электр зарядтау станцияларымен жабдықталған орындарда тұрақтауға тыйым салатын норма енгізу ұсынылды.

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар екі заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Құжаттарды одан әрі талқылау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

Жаңалықтармен бөлісу