Фразеологизм – бейнелі сөздер. Екі немесе одан да көп сөзден құралса да, өздерінің дербес мағынасынан ажырап, жеке-дара ұғымдарға балама ретінде қолданылады. Қазақтың тұрақты сөз тіркестеріне қарап, тіліміздің қаншалықты көркем, оралымды екенін аңғаруға болады. Бірақ солардың кейбірін қате қолданатынымыз бар.
- Қазақтың «Талағында биті бар» (немесе «Талағының биті бар») дейтұрғын фразеологизмін көбіміз білетін шығармыз. Бұл талапты, зерек, елгезек, қандай да бір іске икем-ебі бар жасқа қаратылып айтылатын сөз. Мысалы: «Талағының биті бар болған соң ба, әлде әлі кірлеп үлгермегендіктен бе, кейінгі жас буынның бір оқып жүрер ақын ағасы — Мейірхан Ақдәулетұлы» (Ертай Ашықбайұлы). Бірақ осы бір тұрақты сөз тіркесін бұрмалаңқырап, «балағында биті бар» деп жаңылыспен айтып-жазатындар пайда болды. Бұл алғашқы фразеологизмімізге мағыналас бола алмайды. Екеуінің мәні мүлде бөлек. Мұны «Балақтағы бит басқа шықты» дегенмен шатастырмау керек. Соңғысының мағынасы бұрын ісі түсіп тәуелді болған біреудің, әсіресе, жақсылық көрген адамның қайырым жасаған жанға байланысты бассыздыққа барып, өрескел әрекетке баруын білдіреді. Айырмашылығын біле жүрейік.
- «Көңіл білдіру» мен «көңіл айтуды» да шатастырып алатынымыз бар. Тым ұқсас көрінгенімен, екеуінің мағынасы алшақ. «Көңіл білдіру» деп көп ретте ұнатқан, іңкәр болған қызға сезімін жеткізуді, сырын бөлісуді айтқанымыз жөн. Бірақ біз мұны әлдекімнің қазасына байланысты қаралы әулетке жұбату айту мәнінде ғана қолданып жүрміз. Негізінде, қайғыға ортақтасуды, жақынынан айырылған адаммен көрісуді «көңіл айту» дейміз. Сондай-ақ «марқұм бой жазған екен ғой» деп қалып жатамыз. Дұрысы «бой жасау» болуы керек. Ал бой жазу – сергу, сейілу, демалу.
- Даңқы асу, аты шығу, таң қалдыру мағынасын білдіретін «айды аспанға шығарды» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Мұны шығыс септігі жалғауымен «айды аспаннан шығарды» деп қолданатындар көп. Бұл да қате. Сондай-ақ «айдың күні аманында» дейтін фразеологизмді «айдың-күннің аманында» деп ағат айтып-жазатындар кездеседі. «Айрандай ұю» мен «сүттей ұю» тіркестері жарыса қолданылып жүр. Дұрысы «сүттей ұю» болуы керек. Сол секілді: «көкесіне таныту» емес, «көкесін таныту» (ұрып-соғу), «көздің шырынын алу» емес, «көздің шырымын алу» (аздап ұйықтау), «жүрегінде түгі бар» емес, «жүрегінің түгі бар» (батыр), «жауырынынан жел өту» емес, «жауырынан жел өту» (азап шегу) т.б.
- Сөздікте көрсетілгендей, ұрысу, балағаттау мәнінде қолданылатын «ит терісін басына қаптау» фразеологизміне байланысты екіұшты пікір бар. Кейбір тіл зерттеуші мұның дыбыстық өзгеріске ұшырау салдарынан бұрмаланып кеткенін айтады. Төркіні «иі терісін басына қаптаудан» шыққанын алға тартып жүр. Мәселен, ақын, ғалым Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Қас Сақ аңқымасы» кітабында бұған кеңірек тоқталған екен:
«Аталмыш сөз тіркесінің бүлінбеген әуелгі толық нұсқасы: «Аса жазықтының ій терісін басына қаптау». Кейін «итерісін басына қаптау» түрінде айтыла келе, «ит терісін басына қаптау» түрінде түбегейлі «түзетіледі». Бұл жаза қалай қолданылған? Әуелі, аса жазықтының шашын тақырлайды да, өткірдің жүзімен, көлемі тақыр бастың шаш өсетін аумағын тұтас қамтитындай етіп, керіс (крест) белгісін салады, қалың құйқаны ерен ырситып! Сонан соң әлгі жазықтының жон терісін (ій тері) сыпырып алып, басына қаптайды. Өзін ұзақ уақыт бойы, шыжыған Күн астында байлап ұстайды. Жазықтының бас құйқасының ырсиған жерлеріне өзінің жон терісі тез бітіп кетеді де, қалған бөлігі көнге айналу барысында, бассүйекті (оның ішіндегі миды қоса) қатты сығымдап жібереді. Ұзақ азапталған адам өле-өлгенше мәңгіріп қалады», – деп жазады ол сөзтаным кітабында. Түпнұсқасын қайта қолдана кетпеспіз, бірақ шығу төркінін біле жүргеніміз артық болмас.
«ТүзеТілді» айдары Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен жарық көріп келеді.
Жиған-терген – Жандос Жүсіпбек
