Шығу тегі қазіргі қолданыстағы мағынасымен қиыспайтын сөздер бар. Бірі ағат айтылу салдарынан өзгеріске ұшыраған, енді бірі белгісіз себеппен түп мәнінен мүлдем алыстап кеткен. Кейбір атаудың қандай сөздердің қосындысынан шыққанын да біле бермейтін сияқтымыз. «ТүзеТілді» айдарында түсіндіріп көрейік.
Кемпірқосақ қайдан шықты? Бұл – аспан күмбезінде түрлі-түсті доға түрінде көрінетін атмосферадағы оптикалық құбылыс. Ол аспанның бір жағында қалың бұлттан жаңбыр жауып, қарсы бетінде жарқырап күн шығып тұрған кезде көрініс береді. Тікелей түскен күн сәулесі жаңбыр тамшыларынан өткенде сынып, жеті түрлі бояу түзіледі. Оның айқындығы жаңбыр тамшыларының үлкен-кішілігіне байланысты өзгеріп отырады. Шамамен, ғылыми түсіндірмесі осыған саяды. Ал осы әсем құбылыстың қазақ тіліндегі атауы неге сүйкімсіз? Бұған «кемпірдің» не қатысы бар? Біле-білсеңіз, бұл атау дыбыстық өзгеріске ұшырау салдарынан сәл өзгерген. Нұрдың жеті түстен түзілетінін айттық. Олардың төртеуі – негізгі түс. Ал үшеуі – оларға қосалқы түс. Былайша айтқанда, үшеуі қосағымен де, біреуі жалқы, кем – қосақсыз. Қазақ осыған қарап құбылысты «КЕМ+БІР+ҚОСАҚ» деп атаған. Келе-бара ауызекі тілде «кемпірқосақ» болып қалыптасып кетті… Қазақтың кембірқосаққа байланысты әртүрлі болжамы да бар. Мәселен, ол қыста көрінсе, жыл берекелі, жайлы, мал төлді, егін, шөп шығымды, қуаныш көп болады деп жорамалданған.
Есекқыранның не қатысы бар? Кейбір мектеп мұғалімі оқушыларға Юпитердің қазақшасын «Есекқыран» деп үйретіп жүр. Оны интернетке жүктелген ашық сабақ үлгілерінен көп көзіміз шалды. Дұрысы «ЕСЕКҚЫРҒАН» болуы керек қой. Ғаламшардың қазақы атауының шығуы туралы ел аузында мынадай аңыз бар емес пе еді: Есек керуенін басқаратын жолаушылар ерекше жарқырап көрінген Юпитерді Шолпанмен шатастырып, есектерді ерте оятып, ауыр жүк артып, жолға айдай жөнеледі. Онсыз да ұзақ жолдан қалжыраған жануарлар демалып үлгермегендіктен, әбден зорығып, таңға жетпей шетінен қырылып қалған-мыс. Осыдан соң «кінәлі» ғаламшар «Есекқырған» аталып кеткен көрінеді… Мейлі, мұны дәйегі жоқ жай бір аңыз десеңіз де, ол «есекқыран» нұсқасын ақтап ала алмайды. «Есекқыран» сөзінің құрылымының өзі қисынсыз, қолапайсыз екені көзге ұрып тұр емес пе?
Керік деген қай жануар? Қай-қайсымыз да керіктің жираф екенін жақсы білеміз. Бала кезімізден солай естіп, оқып үйрендік. Бір қызығы, бағзырақ заманда ата-бабамыз «керік» (керен) деп носорогты (қазіргіше «мүйізтұмсық») атаған екен. Бұл кейбір түркітілдес елде әлі сол күйінде немесе түбірі сақталып айтылады. Мысалы, осы мүйізтұмсықты қырғыз ағайын «керик», әзербайжан «kərgədan», өзбектер «каркидон», түріктер «gergedan» дейді. Қазақтың да ертеде керікті «мүйізтұмсықтың» орнына қолданғаны туралы дәйектер таба аламыз. Әсіресе, жыр-дастандарда жау-дұшпан батыры мінген атты тұрпатсыз, тұрпайы, ебедейсіз етіп көрсету мағынасында қолданылады. Мысалы, «Алпамыс батыр» жырында: «Астына мінген керігі шыға келді ойнақтап» немесе «Сол уақытта бір балуан шыға келді ойнақтап, аяғын жерге сүйретіп, мінген керкін үйретіп» деп келетін жолдар бар (Р.Сыздықова, «Сөздер сөйлейді»). Ал мұның қай кезден бастап жирафқа телініп кеткені беймәлім…
Мүсәпір деп кімді айтамыз? Бұл сөздің қазір біз қолданып жүрген мағынасы – жоқшылық зардабын көп тартқан, бейшара, қарып-қасер, сорлы, тілемсек, қайыршы. Бірақ мұның әуел бастағы мәні мүлдем басқа еді. «Мүсәпір» араб тіліндегі «мусафар» сөзінен туындайды. Аудармасы – саяхатшы, жолаушы. Аңғарғаныңыздай, сөз түбірі – сафар. Ол біздің тілде жол, жорық, саяхат мағыналарында қолданылады. Осы түбірге адам, тұлға, жан иесі баламасын беретін «му» префиксі қосылып, «сапарлаушы, жолаушы» сөзі туындайды. Қазақтың «Үйінен қырық қадам ұзап шыққан адам – мүсәпір» деуінің мәнісі осында. Көрдіңіз бе, «мүсәпір» сөзінің бүгінгі мағынасы бастапқы төркінінен өте алыстап кеткен… Жалпы, араб тіліндегі «му» (біздегі «мү, мұ, мо») префиксі сөзжасамға көп қатысатынын байқауға болады: мұғалім, мұсылман, молда, мүшайра, мүбәрак, т.б. Бұл – өз алдына бөлек тақырып.
Естеріңізге сала кетейік, «ТүзеТілді» айдары Қостанай қаласы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен жарық көріп келеді.
Жиған-терген – Жандос Жүсіпбек
