«Орталық-Батыс» көлік дәлізінің құрылысы басталған күн – біздің Торғай елі үшін «ақ түйенің қарны жарылған күн» болды. Елеулі, тарихи оқиға деп осыны айтуға болады.
Елі ішіндегі ағайын: «Мұның тарихи маңызы, экономикалық маңызы Торғай елі үшін Кеңес үкіметі кезіндегі атақты «Байкал — Амур» магистралынан да, «Түрксиб» теміржолынан да әсте кем емес!», – деп қуанып жатқан жайы бар.
«Қазақ «жол азабы-көр азабы» дейді. Осы жолдың азабы мен қиындығын біздің Торғай елі қаншама жылдан бері көріп, тартып келе жатыр. Жалпы, осы «Орталық батыс» жолының дақпырты естілген күннен бастап, осы елеулі оқиғаны біздің еліміз қаншама жыл армандап, аңсап күтті. Енді, міне, соның үдесінен шығып отырған сияқтымыз. Бұл жолдың құрылысының қолға алынуы – өте маңызды. Жалғыз біздің Торғай елі үшін ғана емес, еліміздің батыс өңірі үшін де өте маңызды», – дейді бұл туралы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің профессоры Айбек Қалиев.
Иә, күре жолдың елге тигізер пайдасы, экономикалық маңызы өте зор. Өйткені, «Орталық батыс» жолы Торғай елі мен батыс өңіріне олардың экономикалық дамуына тың серпін беріп, тамырына нәр беріп, осы аймақтардың жаңаруына, жаңғыруына, тұғырға қайта қонуына септігін тигізетін нағыз «күретамыр» болады деп есептейміз.
Сондықтан, Торғай жұрты осы жолдың салынуына әлемдік геосаяси және экономикалық дағдарыстарға қарамастан қаржы тауып, қолдау білдірген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа және осы істің басы-қасында жүрген барша азаматтарға, соның ішінде осы Торғай өңірінен сайланған ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, өзіміздің жергілікті азамат Берік Бейсенғалиға бүкіл ел атынан алғыс айтады.
Осы жолдың әсерімен Торғай елі қайта жанданып, жаңғырып, тұғырына қайта қонып, бәріміз күтіп, ойымызда жүрген арман — мақсатымызға жете берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
,
.