Ұлыстың ұлы күніне арналып Торғай атшабарында да дүбірлі ат бәйгесі мен көкпар ойыны ұйымдастырылды.
Ат бәйгелеріне Жангелдин ауданына қарасты ауыл және ауылдық округтер қатысты. Жанкүйерлердің делебесін қоздырып 2 және 6 шақырым қашықтықта «Тай жарыс» және «Құнан бәйгеден» жарыс өтті. «Тай жарысқа» 13 шабандоз, «Құнан бәйгеге» 6 шабандоз қатысты.
Командалық көкпар ойындары да жанкүйерлерін жанына көптеп тарта білді. Көкпардан 4 команда «Торғай», «Сужарған», «Шеген», «Көкалат» ауылдарының командалары бақ сынасты.
«Жарыстарымыз өте қызықты әрі тартысты өтті. Көкпарда командалар екі жаққа бөлініп жақсы ойын өрнегін көрсетті. Финалда Торғай мен Сужарған көкпаршылары кездесіп, Торғай көкпаршылар командасы 1-ші орын, Сужарған көкпаршылар командасы 2-ші орын иеленді», – дейді Жангелдин аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Бағдат Қайсарұлы.
Ал, Шеген ауылының көкпаршылар мен Көкалат ауылдарының көкпаршылары 3-ші және 4 –ші орындарды бөлісті.

«Тай бәйгесі» мен «Құнан бәйгесіне» ауданның барлық ауылдық мекендері қызығушылық танытып, түгелдей дерлік қатысты деуге болады.
Ұйымдастырушылар: «Тай өссе ат болады»,-дегендей ертеңгі күні осы бәйгелерден елдің атын шығарар арғымақтар шығады деген үмітте.
Алға қойған ұстаным – ұлттық ат спортын насихаттау, дамыту, қанат жаюына үлес қосу.
Мұрат Жүнісұлы Жангелдин ауданы
