Бүгін Қостанай ауданында ҚР Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында «Менің елім — менің туым» атты акция өтті.
Акция аясында полиция қызметкерлері, әскери бөлім сарбаздары көлемі 12×24 метр болатын туды Тобыл қаласының орталық алаңымен алып өтті. Оны жергілікті тұрғындар, мекеме-ұйым қызметкерлері тамашалады.
Осы іс-шара аясында аудан басшысы Олжас Нұрғалиев құттықтау сөз сөйлеп, акцияның мән-маңызына тоқталды.
«Бұл мереке әр қазақстандық үшін қастерлі. Сондай-ақ бұл Мемлекет басшысы жүргізетін саясаттың игілікке бағытталғанын бейнелейтін маңызды оқиға дей аламыз. Бүгін біз өткізіп отырған акция осы атаулы күнге, рәміздерімізге деген ерекше құрметіміздің белгісі», — деді аудан әкімі.
Расымен де, бұл күннің қадір-қасиетін Тобыл қаласының тұрғындары мен қонақтары жете түсінетінін сезінуге болады. Өйткені мұндай акцияның басты мақсаты да жұртшылыққа жақсы мәлім.
«Мемлекеттік ту — еліміздің мақтанышы, елдігіміздің айғағы. Жалпы рәміздерге құрметіміз жоғары. Сондықтан бүгін бізде көк байрақты көтеру іс-шарасы өтіп жатыр. Акция мақсаты — аудан тұрғындарына осы нышанның қаншалықты қадірлі екенін көрсету. Биылғы ерекшелік — үлкен туды алаңға шығару болды», — дейді аудандық Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Аягөз Кәкімжанова.
Іс-шараны жергілікті өнерпаздар ән-күйге бөлеп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Толығырақ — газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Олжас Ғабдімәлік, ҚӨУ студенті
Суреттерді түсірген — Жансая Сәбитбек