Қарабалық ауданында рухани-патриоттық іс-шаралар өтті

Қарабалық ауданында рухани-патриоттық іс-шаралар өтті

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қарабалық ауданында бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, жұртшылықты елге деген сүйіспеншілікке, патриоттық рухқа баулитын мазмұнды бастамалар жүзеге асты.

Аудан тұрғындары «Менің Туым» республикалық акциясына белсенді қатысып, балкондар мен терезелерге көк байрағымызды іліп, мерекенің көркін арттырды. Көгілдір Туымыз желбіреген әр үйден елге деген мақтаныш пен рух байқалды.

  Мерекелік күннің ең әсерлі сәттерінің бірі – аудан орталығындағы алаңда ұйымдастырылған бірыңғай Мемлекеттік әнұранды орындау акциясы болды. Таңертеңгі сағат 10:00-де алаңға жиналған халық бір кісідей орындарынан тұрып, жүрекпен айтылған Әнұран шарықтап, ел бірлігінің айғағына айналды.

«Әнұран шырқалғанда жүрегім елжіреп, көзіме жас келді. Балаларыммен бірге қатыстым. Бұл – нағыз патриоттық тәрбие. Мемлекеттік рәміздер – тек белгілер емес, олар – елдің тәуелсіздігін, тарихын, болашағын бейнелейтін қастерлі нышандар», – деп риза болысты тұрғындар

Іс-шара аясында алғаш рет жеке куәлік алған азаматтарға арнайы дайындалған сыйлықтар – мемлекеттік рәміздер бейнеленген бас киім, жиделер, жалаушалар мен төсбелгілер табысталды. Бұл – ел азаматтығын алған сәттің маңызын арттырып, отансүйгіштік сезімді тереңдетуге бағытталған тамаша бастама.

Мерекеге орай білім мекемелері арасында «Отанды сүю жүректен» атты бейнероликтер байқауы өткізілді. Байқау жастарды отансүйгіштікке баулу, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Қазылар алқасының шешімімен І орын – Святослав мектебіне, ІІ орын – Бөрлі мектебіне, ІІІ орын – Надеждин мектебі мен «Улыбка» бөбекжай бақшасына берілді.

Мерекелік күніне орай отбасын құрған жастарға неке куәліктерімен бірге естелік сыйлықтар ұсынылды. Сондай-ақ дәл осы күні дүниеге келген сәбилердің ата-аналары да назардан тыс қалмай, оларға мемлекеттік рәміздер бейнеленген естеліктер тарту етілді. Бұл – ұлттық рухты отбасылық құндылықтармен ұштастыруға бағытталған игі қадам.

Қарабалық ауданында соңғы жылдары жастарға патриоттық тәрбие беруге бағытталған жобалар саны артып келеді. Білім беру ұйымдары, мәдениет ошақтары мен қоғамдық бірлестіктер бірлесе отырып, елжандылықты дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда.

Мемлекеттік рәміздер – елдің егемендігін, бірлігін, болашағын бейнелейтін қасиетті нышандар. Қарабалық ауданында өткізілген іс-шаралар бұл рәміздерге деген құрметтің, елге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісіне айналды. Осындай бастамалар арқылы ұлттық рухты нығайтуға, ұрпақ бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға нақты үлес қосылуда.

Қарабалық ауданы