Орталық «Демалыс» саябағында тартанды төсеніші бар теннис алаңы және кәсіби дене жаттығуларын жасауға арналған 12 тренажеры бар жаттығу алаңы пайдалануға берілді.
Спорттық нысандардың ашылу салтанатында қала әкімі Әмірхан Асанов сөз алып, қалада қоғамдық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жасалып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын тілге тиек етті.

Өткен жылы қалада арнаулы теннист спортзалы ашылған болатын.
Биыл тағы екі жаңа спорт зал және дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты пайдалануға беріледі. Осылайша, арқалықтықтар қалада спорттық инфрақұрылымның қарқынды дамып жатқанына куә болып, зор ризашылықтарын білдіруде.

«Жалпы, 2021-2024 жылдары Арқалық қаласында 397 миллион теңгеге 36 спорттық алаңдар мен көше тренажерлары орнатылды. Ал, ағымдағы жылы спорттық инфрақұрылымдарды дамыту және қаізргі заман талабына сай қажеттіліктерге 136 миллион теңге қарастырылған. Осы мақсаттағы істер аяқталып, ел игілігіне берілуде», –дейді қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Айтжан Мәліков.
Айта кетсек, мұндай теннис алаңы да, саналуан күштік жаттығу құрылғылары бар тренажерлық алаң да қалада алғаш рет ашылып отыр.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
