Тіршіліктің сауалы: нәтиже де, қолбайлау да бар

Тіршіліктің сауалы: нәтиже де, қолбайлау да бар

Мемлекет басшысы барлық өңір басшыларының алдына қойған маңызды міндеттердің бірі – ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту. Бұл тапсырма алдағы екі жылда толығымен орындалуға тиіс. Қазір Қостанай облысында осы бағыттағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Күрмеулі мәселелер де көп. Жыл басынан бергі жұмыстар облыс әкімдігінде өткен отырыста баяндалды.

Қазан айына дейінгі мәліметтерге сүйенсек, биыл өңірдің ауылдық елді мекендерінің 82,6%-ы сумен қамтылған. Қалалар мен ауылдарды тіршілік нәрімен қамсыздандыруды көздейтін 69 жобаны іске асыру жоспарланыпты. Оған бөлінген қаржы да қомақты. Жалпы сомасы 21,7 млрд теңге бағытталған. Басымдық «аңқасы кепкен» ауылдардың мәселесін шешіп беруге бөліну үстінде. Бүгінге дейін біткен жұмыстың есебін облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаров жіпке тізіп берді.

«Біз атаған жобалардың 53-і ауылдарға су тартуға арналған. Бұған 15,3 млрд теңге қарастырылды. Осы күнге дейін бұл соманың жетпіс пайызға жуығы игерілген. Жалпы, биыл ауылдарда ұзын саны 31 жобаны аяқтау көзделді. Бүгінге дейін жүзеге асқаны – сегіз жоба. Осының арқасында 7 мыңға жуық адам ауыз сумен қамтылды», – дейді Дәурен Асқаров.

Басқарма басшысының баяндауынша, жыл соңына дейін отыз ауылға сапалы ауыз су жетеді. Соның ішінде ерекшелеп айта кетерлігі, Жанкелдин ауданының Шеген ауылына, Денисовтің Свердлов және Подгорный, Қарабалықтағы Новотроицк, Қостанай ауданының Владимиров, Александров, Половников, Айсары, Ұзынкөл ауданының Ершов, пресногорьков, Федоров өңірінің Ленин, Заозерный, Чистый Чандак, Копыченко ауылдарына тұңғыш рет орталықтандырылған ауыз су тартылғалы отыр. Мұнымен қоса, су тасымалы да қаперден тыс қалып отырған жоқ.

«Қазір бес мыңнан астам тұрғыны бар 15 ауылда тасымалданатын суды тарататын пункттер салынып жатыр. Айталық, мұндай нысан Меңдіқараның бес бірдей ауылында және Қарасу ауданының үш елді мекенінде пайдалануға берілді. Жыл аяқталғанша Қостанай ауданының Павлов, Рыбный, Жуков, Балықты ауылдары және Жанкелдин ауданының Түйемойнақ, Тоқанай, Ошағанды елді мекендері осындай пунктермен қамтылады», – деп отыр басқарма басшысы.

Жалпы, осы салаға құйылатын қаражатты шотқа салсақ, қаржыландырудың жылма-жыл артып келе жатқанын байқаймыз. 2021 жылы осы мақсатқа 9,5 млрд бөлінген болса, биылғы бюджет 15,3 млрд теңгеге жеткен. Әлбетте, көзделген межеге жету жолында олқылықтар да білінбей қалып жатқан жоқ. Мәселен, Арқалық қаласының басшылығы алдыңғы жылдан бері Үштөбе ауылын сумен қамту жобасын аяқтап бере алмай отыр. Мұндай мәселе Қарасу ауданына да тән.

«Қарасуда былтыр екі бірдей жоба аяқсыз қалды. Бірі – Қарасу және Восток ауылдарына су құбырын тарту жұмыстары, екіншісі – Комсомол және Қызкеткен ауылдарын ауыз сумен қамту жобасы. Ұзын саны бес мыңға жуық тұрғын тіршілік нәрімен қамсыздандырылуы керек еді. Енді аудан әкімдігі сметалық құжатқа түзету енгізіп, алдағы жылы жобаларды аяқтауға қазынадан қаржы бөлдіру үшін бюджеттік өтінім береді. Ал Арқалықтың Үштөбесіндегі жағдай шешімін таппаған күйі қалып отыр», – деп ашығын айтты Д.Асқаров.

Бұл да мәселенің бір парасы ғана. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты сметалық құжаттарға түзету енгізу, созбаққа салынған сот талқылауларының кесірінен тағы төрт жоба тоқтатылған. Алғашқы себеп бойынша Қамысты ауданының Бестөбе, Адай ауылдарын сумен қамту, Жітіқарадағы Чайковский ауылындағы су желілері құрылысы келер жылға көшірілсе, конкурс кезіндегі заңсыздық мәселесімен Денисов ауданындағы Приречен және Окраин ауылдарын және Қарабалық ауданының Лесной ауылын ауыз сумен қамту жұмыстары уақытша тұралап тұр.

«Тағы бес жобаны іске асыру өте баяу жүріп жатыр, әрекеттерінде берекет жоқ. Қостанай ауданының Мәскеу және Владимиров ауылдарына, Ұзынкөлдегі Пресногорьков, Ершов, Б.Майлин ауданында Красносельский ауылдарына уәде етілген ауыз су ақыры берілмеді», – деді басқарма басшысы.

Жауапты іске салдыр-салақ қараған тұлғаларға қатысты сот талқылаулары ұзақ уақытқа созылып, даярланған құндық құжаттардың ескіріп қалып жатқаны да жанды мәселе. Мысалы, осындай келеңсіздік кесірінен Қостанай ауданындағы Константинов, Меңдіқара ауданындағы Архипов және Михайлов ауылдарын сумен қамту жобасы қайтадан жасалып жатыр. Бұның өзіне қыруар қаржы жұмсалатыны айтпаса да түсінікті. Басқарма басшысы астын сызып айтып өткендей, осы жағымсыз факторлардың бәрі жергілікті жерлерде тапсырыс берушілердің де, аудандардағы аталған салаға жауапты әкім орынбасарларының да жобалық-құндық құжатты әзірлеу барысын бақыламауынан туындап отыр.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аталған олқылықтардың қайталануына жол бермеуді, жыл аяқталып қалғандықтан, аудан-қала басшыларына жұмысты жеделдетіп, қаржыны тиісінше игеруді, Президент жүктеген тапсырманы уақытылы әрі сапалы атқаруға күш жұмылдыруды қадап тапсырды.

Жандос ЖҮСІПБЕК

 

Жаңалықтармен бөлісу