Ахаң атындағы оқу орында өткен дөңгелек үстелдің кіріспе сөзін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С Әзімжанова бастап, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қ Мадиярова «Қостанай қаласындағы көрнекі ақпарат пен жарнама өнімдерінің жай-күйі» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамасында ол қаланың көрнекі ақпарат саласындағы тіл туралы заңнаманың талаптары бұзылып отырғанын көрсетті.
Келесі сөз алған Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының бөлім басшысы К Бимағанбетов «Көрнекі ақпаратқа қатысты заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында түсінік беріп, аталған өзгерістердің көрнекі ақпарат саласына тигізер әсері мен маңызына назар аударды.
Ал Тілдарын облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Г Сейтқалиева «Мемлекеттік тілді оқытудың маңыздылығы» туралы айтып, мемлекеттік тілді үйренудің маңызын және оның азаматтардың қоғамдық өміріндегі рөлін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар арасында қызу пікір алмасу өтті, онда әркім өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салып, мемлекеттік тілдің көрнекі ақпарат саласында қолданылуын арттыру мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан ұсынымдар қабылданып, «Тіл керуені» жобасының белсенді қатысушылары марапатталды. Марапаттау рәсімі мен ұсыныстар қабылдау іс-шараның тиімділігін арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы жұмыстардың жалғасуына ықпал ететіні сөзсіз.