Әрбір ғасырдың, кезеңнің өзіндік ерекшеліктері мен маңызы, айтулы оқиғалары бар. Тарихи құжаттардың әрқайсысының артында тұлғалардың қиын тағдырлары мен еліміздің тарихы жатыр. Осы орайда, архив ісіне жүктелетін жауапкершілік те орасан зор. Облыстың архив саласы қызметінің серпіні оң нәтиже көрсетіп, тұрақты бақылауда. Бұл туралы облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Совхозбайұлы өңірлік коммуникация алаңында өткен “Архив мекемелері қызметінің қорытындысы және Қостанай облысы архив қызметінің 100 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарының жүзеге асуы туралы” баспасөз брифингінде айтып берді.
“Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша облыстың мемлекеттік мұрағаттарында 1 млн 700 мыңнан астам құжаттарды сақтау бірлігі бар. Онда ғылыми-техникалық, аудиовизуалды және фото құжаттамалар қамтылған”, – дейді ол.
Облыстық мемлекеттік мұрағатының 5 өңірлік, 2 қалалық, 13 аудандық филиалдары бар. Өңірде құжаттардың сақталуын қамтамасыз етіп, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қорын толықтырады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізеді.
Архивте сақтаулы құнды құжаттарсыз тарихты зерттеу, ғылымның, мәдениет пен білім беру салаларының дамуын елестету мүмкін емес. Қазіргі таңда архив қызметкерлерінен білім ғана емес, жаңа технологияларды меңгеру талап етілуде. Бүгінгі таңда бірінші кезектегі міндеттердің бірі мұрағаттық құжаттарды, оның ішінде мекемелердегі құжаттарды цифрландыру.
“”Мұрағат-2025” кешенді жоспарын орындау аясында облыстың мұрағат мекемелері осы жылы 4,8 млн. астам парақты сканерледі. Бұдан басқа, барлық мемлекеттік мұрағаттарда ЭЦҚ алу және құжаттарды веб-порталға кіре отырып, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары жұмыс істейді. Жылына екі рет “Архивист” салалық ақпараттық бюллетені шығарылады, ол облыс архивистеріне Архив ісіндегі жаңа бағыттарға жедел түрде жауап беруге мүмкіндік береді. Бюллетеньді шығару Қостанай облысында аса маңызды мән берілетін ғылыми-жарияланымдық қызметті одан әрі кеңейтудегі маңызды қадам болды”, – дейді А.Кашиев.
Өңіріміздің белгілі мәдениет және өнер өкілдерінің жеке тектік қорлары бойынша “Қостанай облысының белгілі адамдары”, “Шығармашылық зиялы қауым өкілдері” сериясы жарық көріп, көпшілікке таныстырылды. 19 жыл ішінде әртүрлі тақырыптар мен бағыттар бойынша 60-тан астам құжаттар жинағы, буклеттер мен анықтамалықтар шығарылды. Болашақта бұл басылымдар мекемелер, ұйымдар, облыс кәсіпорындары, жеке тұлғаларға қызмет барысында саяси, тарихи, әлеуметтік оқиғаларды зерттеу көзі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
“2020-2023 жылдар аралығында 11 филиал ғимараттары мен шатырларына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Арқалық өңірлік мемлекеттік мұрағатын салу үшін ауданы 0,8 га жер учаскесі бөлінді. Қазіргі уақытта мұрағат ғимаратын жобалау жұмыстары жүргізілуде”, – дейді Азамат Совхозбайұлы.
Диана Батырбек