Талғат Ещжанов: «Қарашаңырақтың келешегі жарқын»

Талғат Ещжанов: «Қарашаңырақтың келешегі жарқын»

Ел көптен күткен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты «университет» мәртебесін еншіледі. Бұл жаңалықты білім ордасы қалай қабылдап жатыр? Алдағы жұмыс жоспарлары қандай? Біз осы орайда университет ректоры Талғат Ещжановпен сұхбат жүргізген едік.

 – Талғат Есмаханбетұлы, ақ түйенің қарны жарылып, дүйім ел бөркін аспанға атып қуанып жатыр. Облыстық «Қостанай таңы» газеті үнемі өздеріңізбен тығыз қарым –қатынас орнатып, жағымды жаңалықтардың жаршысы болып келеді. Білімнің қара шаңырағының жаңа мәртебесін алуымен құттықтаймыз. Игілікті іс құтты болсын!

– Рахмет! Бұл «Торғай өңірі», «Торғай бұқарасы» көптен күткен бір ерекше оқиға. Кеше өзіңіз айтқандай, ақ түйенің қарны жарылып, бұйрық шықты. Енді, ресми түрде жариялауға болады.

Жалпы, институтымыздың университет мәртебесін алуы – бұл кездейсоқ шешім емес, ұзақ әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бұл мәселені Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов бірнеше рет көтеріп, тиісті министрлікпен тікелей табанды жұмыс жүргізуінің жемісі деп білеміз. Облысы басшысының бастамасымен университет мәртебесін алу жөніндегі барлық қажетті рәсімдер аяқталып, оң шешім қабылданды.

– Жақында осы ақжолтай хабарды да облыс әкімінің өзі Арқалыққа келген жұмыс сапарында сүйіншілеп еді. Университетке берілетін қосымша ғимаратты көрдіңіздер, сол туралы айтсаңыз.

– Негізі, университетіміздің 2023-2029 жылдарға жоспарланған даму жоспарымыз бар. Соған сәйкес, 2029 жылға дейін студенттердің санын 5 мың 200-ге дейін көтеру көзделген. Қазір сол бойынша жұмыстар атқарылуы керек.

Даму бұл тек қана студенттер санының көбеюі емес, инфрақұрылымдық жағынан да даму керек. Оған Қостанай облысының және Арқалық қаласының әкімдіктері қолдау көрсетіп, бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеу жүргізіп, бізге берейін деп жатыр.

– Оқу орнының қазіргі тынысы қандай?

– Оқу орны жоғары оқу орны болғандықтан қазіргі таңда 7 бағыт бойныша дайындаймыз, 29 білім беру бағдарламасы, 2 мың 500 – дей студентіміз бар. Магистратура ашылды. Осы тұста атап кетерлігі, университет мәртебесін беру жаңағы айтқандай тек студенттер санының көбеюі емес, сонымен қатар ғылымның дамуы, оның ішінде ең бастысы жаңағыдай магистранттармен болашақта доктарантура да ашу жоспарланып отыр.

Мен өзім биылғы жылдың қаңтар айынан бастап басшылық қызметке келіп отырмын. Алайда, алдындағы әріптестер біраз жұмыс атқарды. Магистратураны ашты, одан кейін атауын өзгертуге атсалысты. Осы жолда еңбек еткен барша азаматтарға алғыс білдіргім келеді.

– Оқытушылардың әлеуеті қалай?

– Оқытушылардың әлеуеті былтырдан бері орташа айлық ұлғайды. Жағымды жаңалыққа ұстаздарымыз да қуанып жатыр. Олар да өз үлесін қосады деп ойлаймын Біздің универститет атанғаннан кейін студенттерге арналған сапалық стандартты одан сайын көтеруімізге тура келеді. Оқытушылардың ғылыми дәрежесін көтеру, жас мамандар, жас ғалымдарға қолдау жасау керек. Сонымен қатар, өзге де өңірлерден мамандарды шақыртуды жоспарлап отырмыз.

– Кейінгі жылдары шетелдік ғалымдармен де байланыс орната бастадыңыздар ғой…

– Иә, Түркия болсын, Индонезия болсын, сонымен қатар Ресей Федерациясының ғалымдарымен тығыз байланыстамыз. Шетелдік ғалымдар келіп сабақ береді. Біздің профессор оқытушылар құрамымыз да шетелдік тағылымдамадан өтіп жатыр. Жалпы, әлеует жақсы. Шетелдік ғалымдар ризашылықтарын білдіріп жатыр. Студенттеріміз ол жақта оқығанда өздерінің тәжірибелері мен жетістіктерін көрсетеді.

– Магистратураны оқыту бастамасы қалай жүріп жатыр?

– Бізде магистратура өткен жылдың қыркүйек айынан бері ашылды. Қазіргі таңда жан жақтан келген 160-тай студентіміз бар. Бірақ, көбісі осы өңірдің азаматтары. Араларында еңбек етіп жүрген мұғалімдер бар. Біз бәріне ашықпыз, тек оқу шарттарын орындау керек.

– Оқу шарттары қандай?…

– Оқу шарттары бізде оқу 2 жылдық. Келіп, сабаққа қатысып, магистратура болғандықтан алғашқы ғылыми зерттеу жұмыстарын жасаулары керек. Арнайы ғылыми жетекшілеріміз жәрдемдесіп, оқуларын бітірулеріне үлестерін қосады.

– Бірнеше орталықтарыңыз бар. Олардың тынысы қалай?

– Иә, бізде 4 орталық бар. Этнопедагогикалық, инклузия, педагогика-психология орталықтары жұмыс істейді. Оларды дамыту жоспарға қойылған. Жаңа ғимарат берілсе сол жерге көшіреміз. Кеңеюге байланысты жаңа лабароториялар, жаңа зертханалар ашуды жоспарлап отырмыз.

– «Жаңа технология», «сандық жүйе», «жасанды интеллект» дейді, осындай жаңашылдықтарға қандай бетбұрыстар болып жатыр?

– Жасанды интеллект бұл біздің мемлекетіміздің қолдап жатқан мақсатты үрдісі. Оған біз де қалыспай атсалысып отырмыз. Ол Қытай болсын, Америка болсын, Ресей болсын орта білім беру деңгейіне түседі. Орта білімге кіргеннен кейін оған мұғалім дайындауымыз керек. Олар заманауи үрдістерден қалмауы қажет. Қазіргі таңда біздің студенттеріміз министрліктің қолдауымен 100 пайыз қосымша арнайы курстардан өтіп жатыр. Сонымен қатар, оқытушылар құрамы да өздерінің білімдерін жетілдіруде.

– «Серпін» бағдарламасының жүзеге асу барысы қалай?

– Халқы көп шоғырланған оңтүстік, батыс өңірлерінен білім алушылар келеді. Бұл бағытта студенттерді тарту бойынша жұмыс жүргізудеміз.

Бұл солтүстік өңірге қажет үрдіс. Себебі, халықтың азаюы, мамандардың жетіспеушіліктеріне байланысты аталған мәселелерді шешуге ықпал етеді.

– Мектептермен байланыстарыңыз қалай?

– Өңірдегі мектептердің бәрімен тығыз байланыстамыз. Ортақ іс-шаралар өткіземіз. Жақында ғана қалалық білім бөлімімен бірге мектеп басшылары, оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, әдіскерлердің қатысуымен білім сапасын жетілдіру мақсатында кезекті кеңесімізді өткіздік.

Мұндай кеңестердің мектеп бітіретін түлектерді оқуға тартуға да септігі тиеді. Студенттерге деген қажеттіліктерімізді қамтамасыз ету үшін бір ғана өңірдің ауқымы жеткілікілксіз. Сондықтан, білім алушыларымыздың қатарын арттыру үшін «Серпін» бағдарламасы сияқты нысаналық гранттар бойынша да жұмыстар жүргіземіз.

– Институт университет мәртебесін алды. Енді, қандай өзгерістер күтілуде?

– Университет мәртебесін алуымыз бұл бізге белгілі бір жауапкершілік жүктейді. Ғылымға көбірек бетбұруымыз керек. Магистранттарды даярлаумен қатар, инфрақұрылымды дамытумыз қажет. Қажетті жоғары білімді мамандарды тартамыз. Өңірге қажетті зерттеулер жасалады. Қысқаша айтқанда жаңа өзгеріс аймақтың экономикасын көтеруге ықпал етеді.

– Университетте оқимын деген жастарға қандай мүмкіндіктер бар?

– Біздің білім алушыларымызға деген заманауи бағдарламамыз бар. Жалпы, 29 білім беру бағдарламасының ішінде 16 бағдарламамыз «иновациялық бағдарлама» деп аталады. Шетелдік ғалымдармен бірлесіп жасалған бағдарлама биыл екінші жыл жұмыс істеп жатыр. Сондай – ақ, біздің өзге аймақтан келетін студенттерге заманауи жабдықталған жатақханамыз бар. Заманауи жаңа құрылымдық лабараториялар, соңғы үлгідегі компьютерлер, студияларымыз және кітапханаларымызбар. Инфрақұрылымдық жағынан толық дайынбыз.

– Жаңа мамандықтар ашыла ма?

– Ол жағы сұранысқа байланысты болады. Негізгі, жоспарымыз студенттердің санын көбейту.

– Әңгімеңізге рахмет. Ойға алған кешенді жоспарларыңыздың жүзеге аса беруіне тілектеспіз.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық

Жаңалықтармен бөлісу