Тәуелсіздікпен тел өскен телеарна

Тәуелсіздікпен тел өскен телеарна

Ақпарат адамзат пайда болғаннан бар. Ал жаңа өркениет дәуірінде журналистика деген мамандық пайда болып, қоғамға ресми, объективті, кәсіби түрде ақпарат тарату міндетін өзіне меншіктеп алды. Соның ішінде телевизия – бұл салаға түбегейлі өзгеріс әкелген құбылыс.

Бұған дейін жаңалықты оқып, естіп қана жүрген жұрт, енді оны көгілдір экраннан көзбен көретін жағдайға жетті. Шындығында, адамзат оны ғажайып, сиқырлы әлем ретінде қабылдады. Сол әсер ғаламтор желісі дамыған қазіргі заманға дейін жалғасты. 21 ғасыр жасанды интеллект, сандық технология, ғаламтордан жылдам тарайтын ақпарат дәуірі десек те, телевизия сол ағынға ілесіп, әлі де көш басында келеді.

Телеарна тарихы қалай басталды?

Әлқисса, биыл 1 ақпанда облыстық «QOSTANAI» арнасының эфирге хабар тарата бастағанына 35 жыл толады. Осы уақыт аралығында бұл қара шаңырақ аймақтың тарихын таспалаған жылнамашысына айналды. Облыстық арнаның тарихы қалай басталғанын 35 жыл ғұмырын телерадиоға арнаған, журналистика саласының ардагері Жанұзақ Аязбеков былай деп еске алады:

«Еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда Қостанайға жергілікті телевизия кешігіп келді. Себебі өткен ғасырдың 50-60 жылдары Өскемен Қарағанды, Жезқазған, Петропавл, Орал, Семей мен Павлодарда облыстық телеарналар бірінен соң бірі ашылып жатқанда, Қостанайдың сол кездергі басшысы Андрей Бородин «Бізге әзір қажеті жоқ, бізді орталық телеарналар қажет болса, өздері үшін көрсетсін» деп бас тартыпты. Бородиннің бұлай деп шалқаятыны о заманда Қостанай облысы тау-тау астық өндіріп, күллі Кеңес Одағына аты шығып, дүрілдеп тұрған-ды».

Бірақ адам да, құндылықтар да мәңгілік емес. Жылдар өтті, заман өзгерді. Уақыт талабы өз дегенін істеп, елде өңірлік арнаға деген сұраныс, қозғалыстың дүмпуімен 1989 жылы Қазақ телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің «Қостанай облыстық теледидарын ашу туралы» арнайы шешімі шықты.

blank  Алайда қаулы шығарып қағазға қол қоюмен іс бітпейді. Тақыр жерден телеарна ашу бір күннің шаруасы емес. Ауыр жұмыс.

«Қаулы қабылданғасын жауапты орындар қызу дайындыққа кірісті – деп еске алады сол кездерді Жанұзақ Аязбеков. – Облыстық радиокомитеттің бөлмелері босатылып, қайта жабдықталып, телестудияға айналды. Бейнемагнитофондар, монтаж құрылғылары, телекамералар сатып алынды. Алғашқы сынақ хабарлар «Қазақстан» арнасынан аптасына 2 рет сейсенбі және жұма күндері, 30 минут қазақ және орыс тілдерінде шықты. Ол жаңалықтар мен шағын сұхбаттар болатын».

Осылайша керек-жарағын мүмкіндігінше қамдап, кадрларын сайлап алған ұжым 1991 жылы 1 ақпанда тұрақты түрде төл хабарларын таратуды бастады.

blank

Облыста ол уақытта кәсіби тележурналист болмаған. Сондықтан қол жеткен жерді қармап жергілікті радио мен газеттерде істейтін тілшілер жұмысқа шақырылыпты.

«Ол кезде телевизия ерекше таңсық еді. Онда қызмет істеу үлкен мәртебе болатын. Марқұм Әуезхан Мадин қазақша, Қайрат Мұқатов орысша телесюжеттер жасап эфирге ұсынады. Тілшілеріміз қолына микрофон ұстап, телеоператорлар бейнекамерасымен көшеде жүргенде айналасына топырлап адамдар жиналып қалатын. Әркім кадрға ілігіп, үйіндегі көк жәшіктен өзін көруді армандайды. Немесе жәй ғана қызықтайды», – дейді Жанұзақ Аязбеков.

Уақыт өте келе арнайы шақырумен елдің басқа өңірлерінен тележурналистер келе бастайды. Оларға барынша жағдай жасалады. Баспана беріледі. Техникалық жарақтандыру да қатар жүргізіліп жатқан. Телеарнаның алғашқы директоры Бақытжан Нұрмұхамедов, кейінгі басшысы Нұрхан Исләмивтер жас ұжымның аяғына нық тұрып кетуіне көп еңбек сіңірді.

blank

1998 жылы телеарна ұжымы қазіргі орналасқан Әл-Фараби даңғылындағы, 1979 жылы іргетасы қаланған бұрынғы «Химик» мәдениет үйіне көшіп келеді. Бірнеше жыл қараусыз қалып, жартылай қоймаға айналған ғимарат тазаланып, әрлеп жөнделіп, қалыпқа келтіріледі. Осы жерде телеарнаның жаңа тынысы ашылып, әрі қарай өсіп-өркендеу кезеңі басталды.

Орталықтағы телеарна ғимараты мен қаланың бір шетіндегі хабар таратқыш телемұнара арасын байланыстыратын желі орнатылды. 2006 жылдың
1 наурызында тұңғыш рет облыстық арна хабарлары ғарыш серігі арқылы Қазақстан ұлттық арнасының жиілігінде облыс аумағына тарады. Ал 2009 жылы 3 шілдеде Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен жылжымалы телестудия арқылы тікелей эфирде алғашқы бейнеконференция өткізілді.

Майталман мамандар ұстаханасы

Отыз бес жыл ішінде талай адам облыстық телеарнамен тағдырын байланыстырды. Осы жерде еңбек жолын бастады, маман ретінде шыңдалды, телевизия жұмысының қыр-сырына қанықты, кәсіби деңгейін өсірді, есейді, қызмет баспалдағымен көтерілді. Қарашаңырақ «QOSTANAI» арнасы бүгінде республикалық БАҚ-тарда абыройлы қызмет атқарып жүрген талай майталманды түлетіп ұшырды. Тобыл-Торғай өңіріндегі телевизия мамандарының ұстаханасына айналды.

blank

«Тайқазан», «Ой-таразы» хабарларымен көрерменнің есінде қалған Нәзира Жәрімбетова кейін ұзақ жыл республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде меншікті тілші қызметін атқарып, зейнетке шықты. Еліміздің осы бас газетінің қазіргі тілшісі Нұрқанат Құлабаев та облыстық телеарна тарихында өз ізін қалдырды. Ол кісі жүргізген «Жаназық» хабары бүгінде арнаның қорында сақтаулы тұрған құнды дүниелердің бірі.

blank Республикалық арналардың эфирінен жиі көрінетін, бүгінде күллі Қазақстанға танымал Дулат Жексенбайұлы, Азамат Нұғыманов, Гүлжан Марқабаева, Бауыржан Бөгенбай, Кәмилә Жүсіповалар телевизиядағы тәй-тәй басқан қадамдарын осы қарашаңырақтан бастады. Әліппесін үйренді, мың сан қатпарын меңгерді. Өресі өскесін өрісі кеңейді, кез-келген телеарна құшағын жайып қарсы алатын майталман маман болды. Жергілікті арнада шыңдалып шыққан мықты мамандардың қатарына ұзақ жылдан бері «Хабар» агенттігінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі міндетін атқарып келе жатқан Мағауия Қалиев пен «Қазақстан» ұлттық арнасының таспагері Қыдырәлі Ахметбековті де қосуға болады.

blank

Облыстық арнада тұсауы кеслігендердің бірі қазір республика көлеміне танымал, әріптестері кәсіби шеберлігін өте жоғары бағалайтын тележурналистредің бірі – Еркін Таңатқанұлы. Қызметін қатардағы тілшіден бастаған ол кейін шеф-редактор болды, Қазақстан ұлттық арнасының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі міндетін атқарды. Мұнан әрі Астана қаласына ауысып, ол жақта да абыройлы қызмет етті. Басшылық лауазымға да тағайындалды. Ал 2017-2018-ші жылдары кезінде өзі табалдырығын имене аттап, тілшілік тіршілігін бастаған облыстық арнаның директоры болды. Бүгінде «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасының орынбасары.

blank

Ал Күлтай Әбдірахманова 35 жылдық тарихы бар телеарнаға 28 жыл ғұмырын арнаған кісі. Журналистикадағы еңбек жолын Наурызым аудандық газетінен бастаған ол облыстық телеарнаға 1998 жылы келіпті. Әуелі жаңалықтар тілшісі, кейін шеф-редактор міндетін атқарды. «Айтарым бар», «Біздің елдің жігіттері» авторлық хабарларын жүргізді.

blank

«Осы хабарлардың арқасында еліміздің көптеген маңдайалды қаламгерлерімен, зиялы қауым өкілдерімен сұхбаттастым. Ой-пікірлерін тыңдадым. Бекзат болмысын бағамдадым. Бұл менің өзімнің де рухани өсуіме, дүниетанымымның кеңеюіне ықпал етті. «Жақсыменен өткізген жарты сағат» деген сөздің парқын пайымдадым. Телеарна – қоғамды тәрбиелейтін құрал. Сол үдеден шығу үшін үлкен дайындық, терең ізденіс қажет. Кейіпкерді ашу, көкірегінде асыл сөздің кілтін табу оңай емес. Бұл үлкен жауапкершілік. Телеарна — менің екінші үйім, шығармашылық ұжым екінші отбасым десем болады. Уақытымның көбі осында, әріптестерімнің ортасында өтеді. Қуанышта да, қиындықта да біргеміз», – дейді Күлтай Қамалқызы.

Күлтай Әбдірахманова бас редактор, телеарна директорының орынбасары қызметін атқара жүріп, талай жас маманның жұмысқа қабылданып, өмірден орнын табуына мұрындық болды. Оларды тәрбиелеп, қатесін көрсетіп, шеберлігін шыңдап, ұзақ жылдар бойы жастарға жетекшілік етіп келеді. Бүгінде телеарна директорының кеңесшісі. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Науырзым ауданының құрметті азаматы. Алайда ең басты марапат көрерменнің алғысы мен шәкіреттерінің шынайы ілтипаты.

Замана ағымымен  қатар қадам басқан телеарна

«QOSTANAI» – бүгінде «Қазақстан» корпорациясының құрамына кіретін аймақтардағы 14 филиалдың ішінде алдыңғы лекте келе жатқан, 70 – тен астам адам еңбек ететін, құрал-сайманы сай заманауи телеарна. Тәулігіне 14 сағат хабар таратады. Соның ішінде 56 пайызы таза өз өнімі. Қалған 44 пайызы сериал, концерт, роликтер тәрізді сырттан алынатын дүниелер. Мұндай тәжірибе барлық телеарнаға тән. Хабарлардың басым бөлігі мемлекеттік тілде шығады.

blank

Бағдарламаларды дайындау барысында қоғамның барлық саласын қамту басты назарда. Мысалы «Ел мүддесі», «Бірінші студия», «Диалог», «Тема», «Тақырып» хабарларында өзекті мәселелер талқыланса, «Дарын», «Наследие народа», «Шаңырақ», «Туған жер тұлғалары» танымдық хабарлар, «Тобыл тынысы», «Талант таим» сынды ойын-сауық бағдарламалары да бар.

blank

Ел мен жердің тарихынан, әлеуметтік-экономикалық ахуалынан, ауыл жұртының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін «Елбесік», «Регион 10» хабарлары ұзақ жылдан бері көрермен көзайымына айналып келеді.

blank

Қазіргі заманғы сұранысқа сай телеарна хабарларын https://qostanaitv.kz/kz сайты арқылы ғаламтор желісінен онлаин тамашалауға болады. Эфирге шыққан бағдарламалардың толық нұсқасын да осы жерден көруге мүмкіндік бар. Мұның сыртында арнаның барлық әлеуметтік желіде аккаунттары жұмыс істеп тұр. Бұл телеарнаның заман көшінен қалмай, барлық өзгерістер мен жаңашылдықтарды игеріп, алға қарай сенімді қадам басып бара жатқандығының дәлелі.

blank

– Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз де аз емес, – дейді «QOSTANAI» телеарнасының директоры Ержан Қожабеков. – «Дарын» хабары былтыр «Тұмар» телебәйгесінде номинант атанды. Жаңадан ашылған, балаларға арналған бұл бағдарлама 350 жобаның ішінде үздік үштікке енген. Сондай-ақ жаңа телемаусымда эфирге шыққан «Жол үстінде» хабары да сәтті жобалардың бірі деп есептеймін. Қозғалыс үстінде, көлік ішіндегі емін-еркін сұхбат өте керемет дүние. Ютуб арнасынан, Фейсбук желісінен көріп, көрермендер кері байланысқа шығып, жақсы пікірлерін айтып жатады. «Сенбілік кеш» хабарының да форматы, сұрақтары ерекше. Өз көрермені бар.

Телеарна басшысының айтуынша, әсіресе, білікті журналист Любовь Оплачкина жүргізетін «Жить» әлеуметтік телевизиялық жобасы, аз уақытта облыс пен Қазақстан аумағына емес, күллі ТМД елдеріне танымал бағдарламаға айналған.

blank

Мұнда балалар үйінің тәрбиеленушілері өз тағдыры жайлы әңгімелейді, армандарымен бөліседі. Жобаның мақсаты — жетім балалардың тағдырына қоғам назарын аудару, олардың есейгенде дұрыс жолға түсуіне, өмірден өз орнын табуына жәрдемдесу. Мүмкіндігінше әр хабарда кейіпкердің балалық арманын орындау. Хабар эфирге шыққан күннен бастап әр өңірден қоңырау шалып, өз көмектерін ұсынушылар көбейген. Олардың бірі бала асырап алу ниетін білдірсе, енді бірі оқуға түсуіне, жұмысқа тұруына жәрдемдесуге ұсыныс білдіреді.

 

Келешекке жоспар, күн тәртібіндегі мәселелер

Өмір бір орнында тұрмайды. Қазір технология, адамның сұранысы тез өзгеріп жатыр. Телеарна көштен қалмау үшін соның бәрін алдын ала аңдап, үнемі алға жылжып отыруы тиіс.

– Бірінші қажеттілігіміз – заманауи жылжымалы техникалық станция, – дейді Ержан Қожабеков. – Бұл өңірдегі ауқымды, маңызды іс-шаралардың бәрін сапалы етіп түсіріп, эфирден көрсетуге үлкен мүмкіндік тудырар еді. Екіншіден, қазір отырған ғимаратқа күрделі жөндеу жасалса. Аумағы өте үлкен, толық кәдеге аспай тұрған кеңістігі көп. Егер осының бәрін ретке келтірсек аймақтағы барлық телеарна мен тілшілер қосындарын бір жерге тоғыстыруға болады. Бұл бәрімізге тиімді. Ақпарат алу, тарату барысы әлдеқайда жеңілдейді. Осы мақсатымыз орындалса, өте керемет болар еді.

Материалдық-техникалық жабдықтаудың сыртында кәсіби біліктілікті шыңдап отыру да телеарна ұжымының басты ұстанымы. Өйткені үнемі ізденіс болмаған жерде тоқырау басталады. Сондықтан шығармашылық ұжым үшін әрбір жетістік тоқмейілсуге емес, өзіне деген сенімін нығайтып, жаңаша екпін-жігермен алға ұмтылуға себеп болады. Басты мақсат – жоғары мәртебелі көрерменнің сұранысына сай, талғамы биік, ой-танымды өсіретін дүние ұсыну. Осылайша «QOSTANAI» арнасы замана келбетіне сай жаңғырып, Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өркендеп, келешекке нық қадам басып келеді. Биыл алғаш хабар тарата бастағанына 35 жыл толған телеарна ұжымына шығармашылық табыс тілейміз. Мерейтойың құтты болсын «QOSTANAI»!

 

Дәуренбек ӘБДІБЕК