Сынтастың жағасында ардагерлер балық аулап жарысты

Сынтастың жағасында ардагерлер балық аулап жарысты

Ауыл өмірінің шынайы сәні – бірлік пен еңбекте. Мәмбет ағамыздың туылған күнінде аудан жұртшылығы сондай бір тағылымы мол сәттің куәсі болды. Амангелдіде 79 жасқа толған еңбек ардагері Мәмбет Тоққулин туған күнін даңғазалы тоймен емес, табиғат аясындағы мазмұнды іс-шарамен атап өтуді жөн көрді.

Ол Сынтас өзенінің бойында балық аулау жарысын ұйымдастырып, ауыл азаматтарының басын қосты. Зейнет жасына шыққаннан кейін Мәмбет ағамыз Сынтас жағасына қоныстанып, мал шаруашылығын қолға алған.

blank blank blank Төрт түлік өсірумен қатар, бау-бақша егіп, жердің құнарын арттырып, табиғатпен үндес өмір сүрудің үлгісін көрсетіп келеді. Ардагердің еңбекқорлығы мен қарапайым болмысы – бүгінгі жас буынға өнеге.

blank Туған күнді табиғат аясында, көпшілікпен бірге атап өтуі – оның кең пейілін, елге деген ықыласын аңғартады. Жарысқа аудан мекемелері мен кәсіпорын қызметкерлері, сондай-ақ балық аулауға құмар азаматтар қатысты. Қыстың шуақты күні шараның ажарын аша түсті. Мұз үстінде қармақ салған балықшылардың шат-шадыман көңіл күйі Сынтас бойын думанға бөлеп, ерекше атмосфера қалыптастырды.

blank

Қонақжай Тоққулиндер әулеті келген жұртқа дастархан жайып, сусындар, құр көже, бауырсақ пен кәуап ұсынып, дала қонақжайлығының озық үлгісін көрсетті. Осылайша жарыс ауылдастардың емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, татулықты бекемдейтін басқосуға айналды.

blank

Жарыс қорытындысы бойынша ең көп әрі ең ірі балық аулаған Ерхан Бабасов І орынды иеленді. Ол табиғат аясындағы мұз үстіндегі балық аулаудың ерекше әсер сыйлағанын айтып, ұйымдастырушыға ризашылығын білдірді. Жүлделі орындардың бірін еншілеген Алмат Бралин де шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Үздік үш орын иегерлеріне арнайы сыйлықтарды Мәмбет ағамыздың өзі табыстады.

blank

Бұл жай ғана спорттық сайыс емес. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының, ауыл бірлігінің, табиғатқа жанашыр көзқарастың айқын көрінісі. 79 жасқа келсе де елдің басын қосып, жастарға салауатты өмір салтын үлгі етіп жүрген Мәмбет Тоққулиннің өнегелі ісі – құрметке лайық.

Осындай игі бастамалар ауыл өмірін ажарландырып, жұртты жақындастыра түсетіні сөзсіз. Сынтас бойындағы шуақты күн – соның жарқын дәлелі.

Ақбаян Теміржанова

Амангелді ауданы