Сыннан сабақ: қателік түзетіледі!

Сыннан сабақ: қателік түзетіледі!

Күні кеше Қостанай қалалық ауруханасындағы ағат аударма туралы сын-пікір жариялаған едік. Оқырманымыз жолдаған суретте «Сестра-хозяйка» сөзінің «Иесі апа» деп қате жазылғаны көпшіліктің де қызу талқысына түсті.

Қуанышқа орай, бізді жауап көп күттірмеді. Араға күн салып, қалалық аурухананың әкімшілігі мәселеге байланысты үн қатты. Insta-парақшамыздағы постты бөлісіп, ресми мәлімдеме жасады.

«Маңдайшаның мәтіні қате аударылғанын растаймыз. Маңдайша дереу алынып тасталды. Мекемедегі барлық көрнекі ақпаратқа қосымша тексеру жүргізіледі. Талаптарға сәйкес келмейтін және қателікпен жазылған мандайшалар анықталған жағдайда ауыстырылады. Пациенттер мен келушілердің белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғыс айтамыз.
Алдағы уақытта қателіктерге жол берілмейтін болады», — деп жазады қалалық аурухана әкімшілігі.

Құрметті оқырман, «Қостанай таңы» газеті «ТүзеТілді» жобасын белсенді жүргізіп жатқанын естеріңізге саламыз! Мемлекеттік тілде қате жазылған мәтін, көрнекі ақпарат көзіңізге түссе, 8 771 213 72 02 WhatsApp нөміріне хабарласыңыз! Қателікпен жұмыла күресейік! Ана тілімізге сауатты болайық, жауапты қарайық!