Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Қостанай мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 2002 жылғы 26 шілдедегі №833 қағидаларына сәйкес, ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 216-бабы 1-тармағында көрсетілген, мемлекеттік қызметшілер мен ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 12-бабына сай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайтын өзге де тұлғалар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері берген (бұдан әрі – сыйлықтар) сыйлықтарды есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану бойынша жұмыс ұйымдастырады.
Сыйлық алған адам (оның келісімінсіз келген; лауазымдық жағдайына немесе қызметтік міндеттерін орындауына байланысты алынған; лауазымдық жағдайына немесе қызметтік міндеттерін орындауына байланысты көпшілік алдында немесе ресми іс-шаралар кезінде табысталған (берілген) сыйлықты) алған (анықтаған) күннен бастап, 7 күнтізбелік күн ішінде оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің аумақтық бөлімшелеріне немесе жергілікті атқарушы органдарға тапсырады.
Сыйлықты тапсыру уәкілетті орган немесе ЖАО белгілеген нысан бойынша жасалатын мүлікті түгендеу, бағалау және (немесе) қабылдап-беру актісі негізінде жүзеге асырылады, оған тұлғаның сатып алу немесе одан бас тарту туралы жазбаша хабарламасы қоса беріледі.
Мемлекеттік қызметшінің есепшотына оның хабарынсыз түскен ақша қаражаты анықталған сәттен бастап, екі аптадан кешіктірілмей республикалық бюджетке аударылуға тиіс. Сонымен бірге, аталған қаражаттың түсу мән-жайлары туралы түсініктеме тиісті мемлекеттік кіріс органына ұсынылуы қажет.
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 472-бабы 1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, сыйлық түріндегі мүлікті уәкілетті органға толық және (немесе) уақтылы тапсырмау әкімшілік құқықтық жауапкершілікке әкеп соғады.
Осылайша, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау мақсатында жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметшілерге сыйлық беруге тыйым салынады, ал мемлекеттік қызметшілерге оларды қабылдауға болмайды.
Барлық сұрақтар бойынша 8(7142) 531-340 телефон нөміріне хабарласуға болады.
Б.С.АЯПОВ,
«Қостанай мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті» ММ
Жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікпен жұмыс бөлімінің басшысы