Биыл Арқалық өңірінің дихандары 314 мың 500 гектарға дән сіңірмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда егістік жер көлемінің 572 гектарға артқанын көрсетеді.
«Ауыл шаруашылығы, ел экономикасының маңызды драйвері болған және болып қала береді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымына сайланғаннан кейінгі нөмірі бірінші Жарлығы “Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы” жарлық болды. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласында үлкен даму тәжірибесі жинақталған», – деді көктемгі науқан қарсаңында өткен кеңесте қала әкімі Әмірхан Асанов.
Ауыл шаруашылығы жұмыстарын қорытындылау болашақтағы міндеттерді айқындауға мүмкіндік береді. Агроөнеркәсіп саласын мемлекеттік қолдау шаралары жыл сайын еселеп артып келеді, 2022 жылы Арқалық қаласы бойынша агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 2 млрд 849 млн теңге игерілді.
Қазір көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша тауар өндірушілерінің өтінімдерін қаржыландырылу мәслесі қарастырылуда.Шаруашылықтарды тұқыммен қамтамасыз ету – өте өзекті мәселе. Сондықтан, жоғары өнім алған сорт тұқымдарына сараптама жасалып, өңірге қолайлы тұқымдардардың сорттары анықталған. Бұл істе Целинный, Матросов, Фурманов, Ашутасты, Родина, Восточный, Аңғар ауылдарының тауар өндірушілері ілкімділік танытқан.
Мал азығын дайындау, қала халқын бау-бақша өнімдерімен қамту мәселелері де күн тәртібінен түспейді.Минералды тыңайтқыштар – табысты арттырады. Мемлекет тарапынан тыңайтқыштарға 50% субсидия қарастырылған. Алайда, шаруа қожалықтарының оны тұтынуы мардымсыз. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу көлемі ұлғайды. Дегенмен, машина-трактор паркін жаңартуда Көктау, Жаңақала, Екідің, Жалғызтал, Ашутасты, Үштөбе, Қайыңды ауылдық мекендерінің тауар өндірушілері төменгі көрсеткішке ие болған.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор