Мызғымас ынтымақтың жарқын мерекесі

Мызғымас ынтымақтың жарқын мерекесі

Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шара Сарыкөл ауданында «Қазақстан  халқының достығы» деген атаумен ұйымдастырылды.

Мерекенің құрметіне орай орталық сахна түрлі-түсті бояумен безендіріліп, алаңға қазақтың киіз үйі мен әр ұлттың шағын шаңырағы қойылды. Салтанатты сахна төріндегі мерекелік бағдарлама қазақтың қос батыры бейнесінде екі жігіт сахнаға шаңырақ көтеріп шығумен басталды. Қазақ, орыс, өзбек, татар, укарин, беларус, әзірбайжан сияқты әр ұлттың өкілдері өз тілдерінде құттықтап, сол шаңыраққа өз уықтарын бекіткендей ырым жасады. Аудандық мәдениет үйі, балалар өнер мектебі, жалпы білім беретін мектептер мен жастар ресурстік орталығының жастарынан құралған 40 шақты биші «Достық шұғыласы» мен «Қара жорға» биін паш етті. Одан әрімен жергілікті өнерпаздар мерекенің көркін қыздырды. Бұл күні әуелеген ән де, күмбірліген күй де, мың бұралған бишілердің биі де қойнауы  қазынаға толы, жері киелі, тарихы шежірелі Тәуелсіз еліміздің бірлігі мен толайым жетістіктеріне арналды. Содан соң аудан әкімі Амантай Балғарин жұртшылықты құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.

-Баршаңызды ынтымақ пен бірлік мерекесімен құттықтай отырып, әр отбасына амандық, денсаулық, ынтымақ, бірлік пен құт-береке тілеймін! Тыныштығы сақталып, ынтымағы жарасқан еліміздің еңсесі биік, мерейі үстем болсын, – деді ол өз құттықтауында.

Сонымен қатар, Амантай Кәкімбекұлы Урожайное ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Светлана Кокухинаға «Күміс алқа» наградасын табыстады.Светлана мен Сергей Кокухиндер 2006 жылы отау құрған. Бүгінде алты баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп  отыр. Бұл бірлігі жарасқан отбасы өз ауылдастарына үлгі-өнеге.

Жарқын мерекеде ауданның мемлекеттік мекеме, білім беру мекеме қызметкерлері мен ұйым өкілдері және кәсіпкерлер әр ұлттың киімдерін киіп, ұлттық тағамдарын насихаттап, Отанымыздағы мызғымас ынтымақтың үлгісін паш етті. Аудан әкімі бастаған комиссия мүшелері олардың ұсынған дәмінен дәм татып, ақ тілектерін арнап, бата беріп, еліміздегі ұлттар достастығын ұлықтап жатты.Осы орайда түрлі этнос өкілдері бірімен бірі туысқандықта, бауырластықта өмір сүріп жатқанын дәделдей түсті. Қазақтың киіз үйі жанында қазақ ұлты бесікке салу дәстүрін көрсетті. көмейіне бұлбұл ұя салған, Алла бойына қабілетті құя салған өнерпаз Маржанкүл Тайжанова қазақтың қара домбырасына қолына алып, дүйім жұртты жүрекжарды арнауымен қарсы алды. Қазақ ұлтының бесікке салу рәсіміне ризашылығын білдірген белгілі кәсіпкер Қайырбай Мақатов ата-баба дәстүр жолымен көрімдікке бір қой атады. Ал, осында тұрып, қазақтың дәстүрін құрметтеген кәсіпкер Ваник Мелоян да көпшіліктің көзінше сәбиге қаржылай сыйлығын тарту етті. Бұл оның жүзі бөлек болса да, жүрегі бір екенін байқатқандай болды.

Жарқын мерекеде ұйымшылдыққа ұйытқан ізгі істер тұрғындардың көңіл күйін шарықтатты. Жалпы, бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған сарыкөлдіктер ыстық ықылас пен достық ниеттің, татулық пен тұтастықтың, бірлік пен берекенің мейрамын осылай айырықша атап өтті.

“Қарт кісілердің алыс жерде тұрып жатқан балалары мен немерелерін сағынатыны адам өміріндегі ереше сақталатын қасиет. Оны өз өмірімде де айқын сезініп жүрмін. Осындай себеппен биылғы сапарымда Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне арналған Сарыкөл ауданы жұртшылығының орталық алаңдағы мерекелік іс-шараларына қатынасудың сәті түсті.Алаңға немерелерімді жетелеп, жағалай көріністерді тамашалап, тәнті көңілмен тарқастық”, – дейді мерекелік іс-шараға қатысқан қонақ, Жанкелдин ауданының құрметті азаматы, Еңбек ардагері Тыныштық Әбжамалұлы.

Руслан ӘЛКЕЕВ,

Сарыкөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу