Қостанай облысында көпжылдық су қоймалары 70% — ға толды, келесі маусымға арналған қор жеткілікті. Бұл жайында «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қостанай филиалы директорының міндетін атқарушы Сәкен Қоқышев брифингте мәлімдеді.
Қостанай облысы республикалық меншіктегі алты су қоймасын пайдаланады. Олар – Желқуар, Жоғарғы Тобыл, Қызылжар, Қаратомар, Сергеев және Амангелді. Су қоймалары Жітіқара, Лисаков, Рудный және Қостанай қалаларын, ауыл шаруашылығы өндірушілері мен бау-бақша қоғамдарын сумен қамтамасыз етеді.
Мұндағы Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймасы көпжылдық болып есептеледі. Олар су тасқыны кезінде толтырылып, құрғақшылық жылдары пайдалануға мүмкіндік береді. Су көлемі табиғи жағдайға байланысты реттеліп отырады. Қазіргі уақытта екеуі де 70 %-ға толып тұр. Келесі маусымға арналған су қоры молынан жиналды. Ал Желқуар, Қызыл Жар, Сергеев және Амангелді су қоймалары маусымдық режимде жұмыс істейді және су тасқыны кезінде суды транзитпен өткізеді.
«2026 жылдың вегетациялық кезеңі жоспарлы түрде өтті. Су пайдалануға шарт жасасқан 64 тұтынушының бәрі толық қамтамасыз етілді. Оларға 20,3 млн текше метр су берілді. Бұл дегеніңіз шарттарда көзделген көлемнен 0,7 млн м3 артық. Жалпы облыс аумағындағы суармалы жер көлемі 6,5 мың гектардан асты. Соның ішінде 5 мыңға жуық алқап жаңбырлату әдісімен суарылды. Суару маусымы мамырдың үшінші онкүндігінен қыркүйектің екінші онкүндігіне дейін жүргізілді. Қазіргі таңда көпжылдық су қоймалары 70 пайызға толтырылған. Келесі маусымға қажетті қор жиналды», – деп хабарлады Сәкен Қоқышев.
Тобыл-Торғай бассейндік су инспекциясының басшысы Алмат Абжановтың мәліметінше, өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін 109 рұқсат рәсімделген. Суарылатын жерлердің жалпы алаңы – 17,5 мың гектар. Соның ішінде 7,2 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылды.
Қымбат ДОСЖАНОВА
