Түрік жерінде Міржақып жайлы жаңа кітап жарық көрді

Түрік жерінде Міржақып жайлы жаңа кітап жарық көрді

Ыстанбұлдың «Kamus» баспасынан (директоры Айдемир Күлтегін) жазушы Қайсар Әлімнің «Міржақып Дулатұлы» кітабы түрік тілінде (тәржімалаған Ашур Өздемир) басылып шықты.

Кітаптың тұсаукесері қаладағы Абай атындағы мектепте, университетте, Қазақ қоры қоғамында, орталық кітапханада, республикалық музейде ыстық ықыласпен өтті.

Абай мектебіндегі таныстырылымға Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулы Нұриддин Аманқұл қатысып, Алаш арысының бүкіл түркі әлеміне қатысты ойларын тиянақтай түсіндіріп, оның Абай туралы жазғандарынан тағылымды үзінділер келтірді.

Оқушылар Абай мен Міржақыптың еңбектерін қамтыған сұрақ-жауапқа да белсене қатысып, жоғары білім өрісін танытты.

Кітаптың түрікшеге аударылуына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев демеушілік жасады.

Жазушының бұл еңбегі қайраткер тұлғаның 140 жылдық мерейтойы қарсаңында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен басылып шыққан болатын.

Кітап бірнеше тараудан тұрады. Міржақып Дулатұлының өмірі кезең-кезеңімен баяндалған. Гүлнар Міржақыпқызының, қаламгерлердің, белгілі тұлғалардың естеліктері, эсселері, өлеңдері, әр жылдары жазылған мақала-сұхбаттары қазақ және орыс тілдерінде берілген. Сондай-ақ автор өзі атап өткен тараулар арқылы әйгілі тұлғаның саяси қызметіне, ағартушылық және шығармашылық жолына, оның өміріндегі қым-қиғаш қиындықтар мен ұлт мүддесі жолындағы күрестерге тоқталады. Алаш ардақтысы ақталған сәттен бері қарай Қайсар ағамыздың Жақаң мен қызы Гүлнарға арнап жазған дүркін-дүркін деректі мақалаларына қанығасыз.