Мемлекет басшысы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін ұлғайту жөнінде нақты міндет қойған болатын. Бүгінде сауда орындарында шетелден әкелінген өнімдер әлі де аз емес. Сондықтан отандық өндірісті дамыту, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу – стратегиялық маңызды бағыттардың бірі.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өткен жылы облыста суықтай сығымдау әдісімен май өндіретін цехтың бірінші кезеңі іске қосылды. Жобаның жалпы құны 286 миллион теңге. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 3 мың тонна май, 1,8 мың тонна сығынды және 1,2 мың тонна түйіршіктелген қабықша өндіруге жетеді. Нәтижесінде 4 жаңа жұмыс орны ашылды. Келесі кезеңде өндіріс желісін жаңғыртып, дайын өнімге арналған қойма салу жоспарланып отыр.

«Өзіміз өсіріп, өзіміз өңдейміз. Күнбағысты жергілікті алқаптарда өсіреміз, ал май өндіретін құрылғыларды Ресейден сатып алдық. Қазір «Меңдіқара» майы брендімен таза күнбағыс майын шығарып жатырмыз. Өнім сапасы жоғары, ешқандай қоспа жоқ. Сұраныс күннен-күнге артып келеді, дәмі де, иісі де табиғи. Қаладағы супермаркеттер бізден тұрақты түрде сатып алады. Бір литрі – 700 теңге, бес литрі – 3500 теңге. Қостанайда шамамен 35 теңге үстеме бағамен сатылады. Егер жәрмеңкелер жиі өтсе, сұраныс та арта түсер еді. Болашақта рапс майын өндіруді жоспарлап отырмыз», – дейді цех басшылығы.
«Меңдіқара» майы бүгінде сапалы, экологиялық таза өнім ретінде тұтынушылардың сеніміне ие бола бастады. Мұндай кәсіпорындардың көбеюі ауыл шаруашылығының әлеуетін арттырып, жергілікті брендтердің қалыптасуына зор мүмкіндік береді. Агро өнер кәсіп кешені саласында жаңа өндірістерді ашу отандық өнім сапасын арттыруға, тауа түрлерін ұлғайтуға, ең бастысы, азық-түлікпен қамтамасыз етуді арттыруға мүмкіндік береді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Меңдіқара ауданы
