Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер» жобасы аясында 8-сынып оқушылары арасында ерекше сайыс өтті.
Бұл сайыс жас ұрпаққа ата-бабадан қалған асыл мұрамыз – мақал-мәтелдердің мән-маңызын таныту мақсатында ұйымдастырылды.
Сайысқа Бурабай және Балқаш шаңырақтарының 8-сынып оқушылары қатысты. Олар бес кезеңнен тұратын жарыста өздерінің тапқырлығын, білімін және белсенділігін көрсетіп, тартысты өнер көрсетті. Әр кезеңде оқушылар мақал-мәтелдерге қатысты түрлі тапсырмаларды орындап, өздерінің шығармашылық қабілеттерін байқатты. Бұл сайыс жастарды ата-баба сөзінің құндылықтарын ұғынуға, қазақ халқының даналығын игеруге шақырады.
Қазылар алқасының шешімі бойынша, «Балқаш» шаңырағы І орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. Ал «Бурабай» шаңырағы ІІ орынға ие болды. Бұл жеңістер – оқушылардың мақал-мәтелдерді терең түсінуге деген талпынысының жемісі. Барлық қатысушылар өздерінің білімдері мен белсенділіктерімен мақал-мәтелдердің рухани құндылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мақал-мәтелдер – біздің ұлттық мұрамыз, олар халқымыздың өмірлік тәжірибесін, даналығын жинақтайды. Сол асыл қазынаны дәріптеу, оны жас ұрпаққа жеткізу – әрқайсымыздың парызымыз. Бүгінгі сайыс осы ұстанымның жарқын мысалы болып табылады.