Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысы жоғары деңгейде ұйымдастырылған маңызды іс-шара болды.
Әртүрлі этнос өкілдерінің бас қосып, өзара пікір алмасуы, бірлік пен татулықты одан әрі нығайтуға бағытталған бастамалардың көтерілуі – ел болашағы үшін аса құнды қадам.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары елімізде атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілгенін атап өтті.
«Әр жылдары елімізде түрлі диалог алаңдары мен қоғамдық органдар құрылды. Алайда бүгінгі мерейтойлық жиында Ассамблеяның қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру мен ұлттық бірегейлікті бекіту ісінде баламасы жоқ басты платформаға айналғанын және алдағы уақытта да солай болып қала беретінін атап өткім келеді. Ассамблея – мемлекеттігімізге арқау болған аса маңызды құрылым. Бұл – Ассамблеяға артылатын жүктің салмағы да жеңіл емес деген сөз. Ұлттық мүдделерімізді қорғап, егемендігімізді нығайту – қастерлі парыз. Мұны Ассамблея мүшелері терең сезінеді деп ойлаймын. Ассамблея барша азаматтарды ортақ құндылықтар мен мақсаттарға жұмылдыратын жалпыхалықтық орган ретінде жұмыс істеуі керек. Басты міндет – Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту. Алдағы уақытта да солай болып қала бермек», – деді ел Президенті.
Рас, соңғы жылдары еліміздің саяси-идеологиялық келбеті түбегейлі өзгерді. Экономикада жүйелі реформалар қолға алынды. Ең бастысы, қоғамның сана-сезімі өзгере бастады. Соңғы жылдары саяси оқиғаларға баға беру тұрғысынан халқымыздың көзқарасы да жаңа сипатқа ие болды.
Біз әрі қарай дамуымыз үшін ең алдымен рухани жағынан алға шығуымыз керек. Мәселен, Мемлекет басшысы өзі қолдап отырған мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту ұсынысы өте орынды. Бұған толықтай қосыламын.
Отырыста айтылған ойлар мен ұсыныстар ел ішіндегі тұрақтылықты сақтап, қоғамдық келісімді тереңдетуге бағытталғаны қуантады. Әсіресе жастарды тәрбиелеу, мәдениетаралық диалогты дамыту, білім мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу секілді бастамалар маған ерекше әсер етті. Бұл кейінгі буынның ел біртұтастығы мен бейбітшілігіне деген сенімін арттыра түсері анық.
Бағытұр Дәндібаев,
Қостанай облысы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі