Сақ жауынгерлерін зерттеген Илья байқауда үздік атанды

Сақ жауынгерлерін зерттеген Илья байқауда үздік атанды

Тараз қаласында өткен ғылыми жобалар байқауынан тағы бір жерлесіміз алтын алды. Ол – Қостанай қаласының 1 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Илья Пономарев.

Конкурста бақ сынған жас ғалым «Этномәдениеттану» секциясында 1 орынға ие болды.

Ғылыми жетекшісі- Эльмира Рахимова педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-шебер, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, «Халық алғысы», Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, «Үздік педагог-2023» конкурсының жеңімпазы.

Ғылыми жоба «Сақ жауынгерлерінің ою-өрнектерін жастар киіміне енгізу» тақырыбында қорғалып шықты.

“Сол кездегі мектебіміздің ғылыми-әдістемелік жөніндегі директордың орынбасары Ксения Грудупс осы тақырыптың өзектілігін алға тартып, бастамашылық идеяларды ұсынды. Илья қалалық, облыстық, кезеңдерге, тестілеу үрдісіне үлкен қызығушылықпен дайындалды. Ғылыми зерттеу барысында біз түрлі сарапшылар пікіріне, зерттеудің практикалық жағына баса назар аудардық”, – дейді Эльмира Рахимова.

Олар Астана қаласы, Жетісу, Атырау облыстары (Аралтөбе) және Есік қаласының ескерткіштеріндегі сақ ою-өрнектерінің ескерткіштерін зерттеді. Түрлі сауалнамалар арқылы қазіргі жастарға сақ мәдениетінің ою өрнектерінің әсер ету ерекшеліктерін анықтады. Сақтардың ою-өрнектерін киімге енгізіп, мектеп оқушылары мен мұғалімдер арасында оны өмірде қолдану туралы сауалнама жүргізді. Түрлі сарапшылардың пікірін білуге өңіріміздегі белгілі тарихшы, облыстық ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, А. Байтұрсынова атындағы ҚРУ қауымдастырылған профессоры Айбек Шалғымбеков үлкен септігін тигізді.

“Ғылымға талпынып жүрген оқушылармен үнемі байланыстамыз. Оларға зерттеу жұмысының кезеңдері жіті таныстырылады. Сырттағы ғалымдармен тәжірибе бөлісеміз. Осы ретте айта кетейік, түрік халықтарының арасында сақ мәдениетінің ықпалын зерттеу мақсатында Қырғызстандағы Ош қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулы Мұхтар Кәрібаймен бірге ұлттық мәдениетті жаңғырту және қайнар көздеріне оралу процесі ретінде сақ ою-өрнектерін дамыту туралы сараптамалық жұмыс жасалды. Жергілікті өнертанушылары, әсіресе, Қостанай облысының сурет галереяларының директоры, өнертанушы Сая Калиновамен қазіргі әлемдегі сақтар өнерінің маңыздылығы туралы, Әзірбайжан қауымының басшысы Рафаил Сададдин-Оғлы Гаджибалаевпен бірге сақ мәдениетінің түркі әлеміне әсері туралы сұхбат жүргізді. Жұмыстың практикалық жағын қарастыру үшін өнертанушы, Қазақстанның белгілі этнодизайнері, “Sultan – SanBell” директоры – Қостанай қаласындағы “FashionHouseInternational” компаниясының эксклюзивті өкілі Малика Төлемісоваға жүгіндік”, – дейді Айбек Батырханұлы.

“FashionHouse” – әлемдегі жетекші жарнама агенттіктерімен, продюсерлік орталықтармен және киностудиялармен (Еуропадағы, АҚШ-тағы, Канададағы, Жапониядағы 30-дан астам агенттіктер) ынтымақтасады, сондай-ақ жетекші сәнгерлердің көрсетілімдерінде, әйгілі жылтыр басылымдардың түсірілімінде, презентацияларда модельдерді ұсынады.

“Малика Ғалымжанқызы сақ ою-өрнектерін заманауи киімге біріктіру туралы өз пікірімен бөлісті. Сонымен қатар, респбуликалық деңгейде өз жобасын қорғауға дайындалған Ильяға ұлттық нақыштағы оюлармен безендірілген ұлттық киімді табыстады. Қазіргі уақытта ұлттық оюлардың жасалу техникасымен таныстырды. Зерттеу барысында сақ ою-өрнектерін “Цифрлық сән көрсетілімі” цифрлық сайты арқылы жастардың киіміне енгізу үлгілерін әзірлеп, бірнеше киім дизайнын ұсындық”, – дейді ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі.

Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу