Салмағы бір тонна бұқа

Салмағы бір тонна бұқа

Дала фестивалінің соңғы күні де мазмұнды іс-шараларға толы болды. Көрмедегі көпшілік қызығушылық танытқан секциялардың бірі – «Мал шаруашылығы» блогы.

Оған Қостанай облысының тоғыз агрокәсіпорны 44 асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарын алып келді. Оның 34-і көрсетілім-көрмеге ұсынылды. Ал ең ауыр салмақты бұқа атағы үшін Әулиекөл, қазақтың ақ бас, абердин-ангус, симменталь және герефорд тұқымдарының салмағы 560 килограмнан асатын 10 бұқасы сынға түсті.

Әділ қазылар алқасының шешімімен «Қостанай облысының ең ауыр салмақты бұқасы» конкурсының абсолютті чемпионы «Олжа Арыстан-ПК» ЖШС-нің Титан атты герефорд тұқымды бұқасы атанды. Оның тірілей салмағы – 1020 килограмм, жасы 4 жыл 4 айдан асқан. Өсімдік шаруашылығына және ет бағытындағы ірі қара мал өсіруге маманданған «Олжа Арыстан-ПК» үшін бұл жеңіс мал шаруашылығындағы еңбектің нәтижесін айғақтай түсті.

Бірінші орынға Әулиекөл ауданындағы «Москалевское» ЖШС-нің 8 жастағы, салмағы 970 килограмм Әулиекөл тұқымды Дауыл атты бұқасы ие болды. Екінші орынды Қарабалық ауданындағы «Терра» ЖШС-нің 2 жастағы, салмағы 954 килограмм симменталь тұқымды Биг-Бені иеленсе, үшінші орын Қарабалық ауданындағы «Север-Агро Н» ЖШС-нің 2 жастағы, салмағы 870 килограмм абердин-ангус тұқымды Блэкфайрына берілді.

«Іс-шараға Астанадан арнайы келіп отырмыз. Әдемі, кәделі фестиваль. Соның ішінде өзіндік бір ерекшесі осы бұқалар көрмесі шығар. Ал енді жарысқа облыс әкімдігі жеке жүлдесін тігіп отыр. Мұндағы негізгі мақсат – әр шаруашылықтағы бұқалардың қандай деңгейде дамып келе жатқанына баға беру. Облыстың халқы да, сырттан келген қонақтар да осы салада бізде не жетістік бар екенін көруі керек. «Жүз естігенше, бір көрген» демей ме қазақ. Анау жоқ, мынау жоқ деген қысыр әңгімеден гөрі осылай барымызды көріп, бағалауымыз керек емес пе», – дейді Әулиекөл тұқымы жөніндегі республикалық палатаның директоры Нұрғали Бисекенов.

Оның айтуынша, оң жолға қойылып келе жатқан бұл сайыс дала көрмесінің тұрақты бір дәстүріне айналатынына бек сенімді. Сайысты Ехротіме компаниясы мен Қостанай облысы әкімдігі бірлесіп өткізді.