Салиқалы әңгіменің айтары мол

Салиқалы әңгіменің айтары мол

Жаңа жыл Мемлекет басшысының еліміздің мемлекеттік тілде бас газетіне бағдарламалық сұқбатымен басталды. Сұқбаттағы сұрақтарға берген жауаптары ел көкейінде жүрген өзекті мәселелерді қамтыды. Барлық қойылған сұрақтарға жүйелі, орынды жауаптар беріліп, Президенттің нақты ұстанымы аңғарылды. Мақалада көптің көкейіндегі көп мәселелер қозғалып, нақты жауап-бағдарлар айтылған. Жұрт аузында жүрген әңгімелерге ашық пікірін білдіріп, бірқатар мәселелер туралы ойын айтқан. Оның ішінде қаңтар оқиғасы, қос билік, жаңа жылдың тойлануы, кадр мәселесі мен зорлық-зомбылық жайын да қозғады. Өткен жылғы жұмыстарға қорытынды  жасалып, ағымдағы жылы атқарылатын ірі саяси шаралар мен айқын жоспарлар айтылды.

Биыл елімізде бірқатар ауқымды іс-шаралар өтеді. Оның қатарында саммит, форумдардың барын білдік. Мемлекет басшысы:

«Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз», – деді.

Үкімет өкілеттілігінің кеңейюі мен оған қойылатын талаптың күшеюі, инвестициялардың тартылуы, алдағы 5 жылдықта ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттыру жоспары бағытындағы жұмыстар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосары анық.

Аталған сұхбатта қоғамда орын алған түрлі мәселелер жайлы мемлекет басшысының білдірген ойы халық көңілінен шықты деп ойлаймын. Сонымен қатар еліміздің ішкі және сыртқы саясаттағы нақты бағыты зерделенді. Ұлттың стратегиялық бағдарынан жаңылмай, халқымыздың қуатын арттыратын, табысқа жетелейтін құндылықтар дәріптеу арқылы сапалы ұлтқа айналуымыз жолында идеологиялық дұрыс көзқарас қалыптастырғанымыз жөн. Президент:

«Бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны барша азаматымыздың ерік-жігеріне де байланысты. Бірақ осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек»,– деп бірігуге шақырды.

Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қалғанғанына – 800 жыл.

            «Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа”, – деп атап көрсетті мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президенттің:

«Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек», – дегені де жаңашылдыққа бастайды.

Мазмұнды сұқбатты еліміздің әр азаматы түсініп, бағдар алады деген сенімдемін.

Ерлан Әбілов,

Қарабалық аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Жаңалықтармен бөлісу