«Сайлау – ел дамуына ықпал ететін маңызды қадам»

«Сайлау – ел дамуына ықпал ететін маңызды қадам»

Сайлау – демократиялық қоғамның негізі, елдің даму бағытын айқындайтын институт. Қостанай облысында сайлау жүйесі қалай жетіліп жатыр? Ауыл әкімдерін тікелей сайлау қандай өзгерістер әкелді? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға жауап алу үшін Қостанай облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашкомен сұхбаттасқан едік.

 – Александр Юрьевич, Дүниежүзілік сайлау күні бар екенін білеміз. Бұл күннің маңызы қандай? Өңір жұртының саяси белсенділігін арттыру үшін қандай да бір  іс-шаралар ұйымдастырылып тұра ма?

– Иә, бұл күн 2005 жылы Будапештте өткен Дүниежүзілік сайлау конференциясында бекітілген. Содан бері жыл сайын ақпан айының алғашқы бейсенбісінде атап өтіледі. Оның негізгі мақсаты – сайлау мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың дауыс беру құқығының маңызын түсіндіру. Демократиялық қоғамның басты тірегі – әділ сайлау. Сондықтан бұл күннің мәні зор.

Облысымызда 100-ден астам іс-шара өткізілді. Жергілікті БАҚ-та да мақалалар жарияланып тұрады. Мектеп оқушылары арасында сурет және эссе байқаулары өтті. Жастармен кездесулер, пікірталастар, викториналар, челлендждер ұйымдастырылды.Бұл іс-шаралардың бәрі халықтың сайлау туралы білімін арттыруға, жастардың саяси белсенділігін күшейтуге бағытталған.

– Биыл алғаш сайланған ауыл әкімдерінің мерзімі аяқталуға жақын. Осы процесс өңірде қалай өтті? Қанша үміткер, кімдер жеңімпаз болды?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы тапсырма берілген еді. Содан бері бұл процесс жүйелі түрде жүзеге асып келеді. 2021 жылы Қостанай облысында алғаш рет 65 ауылдық округ әкімі сайланды. Содан бері мерзімі аяқталған немесе өкілеттігі тоқтатылған әкімдер халықтың дауыс беруі арқылы сайланып келеді.

Өткен жылы облыста 61 ауыл мен ауылдық округтің әкімі сайланды. Оның 34-і – өкілеттік мерзімі аяқталғандар, 27-сі – түрлі себептермен қызметінен кеткендер. Жалпы, 201 үміткер тіркелді. Оның 159-ы – өзін-өзі ұсынғандар, 42-сі – саяси партиялар атынан ұсынылғандар.

Сайланған әкімдердің 42-сі – мемлекеттік қызметкерлер, 19-ы – түрлі сала мамандары. Ал 39 азамат алғаш рет әкімдікке сайланды. Мұны қазіргі реформаның жемісі дер едік. Ең жас әкім – 28 жаста. Орташа жас – 45.

Сайлау барысына 286 сенімді өкіл, 161 партия байқаушысы және 202 қоғамдық ұйым өкілі қатысты. Бұл – сайлаудың ашық әрі әділ өткенінің айғағы.

Сонымен қатар сайлаушылардың сайлау құқығын қамтамасыз ету бойынша бірқатар жұмыстар атқарылады. Жекелеген сайлаушылар денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесіне күтім жасау себебіне дауыс беруге келе алмаған жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушылардың тұрған жерінде дауыс беруді ұйымдастырады. Мысал ретінде Федоров ауданының Федоров ауылдық округі әкімінің сайлауы кезінде 99 жастағы сайлаушы үйінен дауыс бергенін атап өтуге болады.

Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету үшін сайлау учаскелерінде тиісті жағдай жасалады, сайлау учаскелері пандустармен, шақырту батырмаларымен, мүгедектігі бар азаматтарға арналған бұрыштармен қамтамасыз етілген. Қажеттілік туындаған жағдайда сайлаушылар инватакси қызметін пайдалану мүмкіндігі бар, облысымыздың 7 өңірінде инватакси қызметі ұйымдастырылған.

Сайлаушылардың белсенділігін арттыру үшін учаскелік сайлау комиссиялары әр сайлаушыға шақырту қағаздарын таратады, көппәтерлі үйлердің кіреберістеріне шақырту қағаздарын орналастырады. Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде фотоаймақтар орнату, жәрмеңкелер, бірінші келген сайлаушыларға, қарт сайлаушыларға естелік сыйлықтар беру сияқты іс-шаралар ұйымдастырылады.

Ауыл әкімдерін тікелей сайлауын өткізу барысында Қостанай облысы бойынша сайлау заңдылықтарын бұзу фактілері тіркелмеген, барлық сайлаулар заңдылыққа сай өтіп келеді.

– Ауыл әкімдерін сайлау қандай өзгерістер алып келді?

– Бұл реформа жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтуге бағытталған. Ең бастысы – халық әкімді өзі таңдайды, сондықтан сенім де жоғары. Сайланған әкімдер халықтың мәселесін шешуге мүдделі болады. Сонымен қатар, бұл процесс саяси бәсекелестікті күшейтіп, ауыл тұрғындарының басқару ісіне араласуын арттырады.

Ауыл әкімдерін тікелей сайлауын еңгізу әкімдікке кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт жұмыстарының белсенділігін арттырды. Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт жұмыстарын жүргізу кезінде бұзушылықтар анықталмады.

– Алдағы уақытта аудан және облыс әкімдерін сайлау мүмкін бе?

– 2023 жылы пилоттық режимде облыстың 4 ауданы мен 1 қаласында әкім сайлауы өтті. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап өкілеттік мерзімдері аяқталған аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайланатын болады. Ал облыс әкімін сайлау мәселесі заңнамалық тұрғыда әлі қарастырылған жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу