«Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінде Халықаралық театр күніне орай ҚР Театр қайраткерлер одағының мүшесі, «Жыл адамы» атағының иегері, Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының бас суретшісі Еркін Мергеновпен «Сахнаның сәнін келтірген» атты кездесу кеші өтті.
Шараның мақсаты – өнер майталманының ұзақ жылдар бойғы атқарған жемісті еңбегін дәріптеу, жастарға үлгі ету. Тағылымды кеште суретшінің еңбек жолы мен шығармашылығы жайлы көрме қойылды. Өнер ардагерінің өмірі мен қызмет жолына байланысты сыр- сұхбат жүргізілді.ҚР Мәдениет қайраткері Отаркүл Мұқатова, «AMANAT» партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет, ҚР Мәдениет саласының үздігі, театр режиссеры Әлия Садықова, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Сапарбек Ұзақовтар жылы лебізін білдірді. Кітапхана, театр, музей, мәдениет сарайының ұжымдары да кеш қонағына ақжарма тілектерін айтып, сый – құрметтерін көрсетті.
«Мен Еркін Ермекұлымен 2000 жылдары қаланың Мәдениет бөлімін басқарып жүргенде таныстым. Сол уақытта біз “Торғай әуендері”, “Жігіттің сұлтаны”, Айтыс, “Арқалық аруы” сияқты көптеген іс-шараларды өткізгенде Мәдениет сарайының кең залына сыймай, адамдар екі жақтағы фойеде тыңдап тұратын. Менің ойымша, сол шаралардың тартымдылығы көбіне Еркін ағайдың жасаған безендірулеріне де байланысты болды»,- дейді С.Тасмағанбет.
Еркін Ермекұлы I Республикалық театр суретшілерінің “Қазіргі Қазақстан сценографиясының жаңашылдық пен дәстүр жалғастығы” атты көрмесінің каталогына еніп, Түркістан қаласында өткен дүниежүзілік екінші қазақтардың құрылтайына үздік сахна безендіруші ретінде қатысқан.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы