Мәжіліс және мәслихат сайлауына рудныйлықтар да белсенді қатысып жатыр.
Кеншілер қаласында 48 сайлау учаскесі бар, оларға 80 мыңнан астам адам тіркелген. Қала әкімінің міндетін атқарушы Виктор Ионенко №133 (№2 гимназия) учаскеден дауыс берді. Оның айтуынша, сағат 10:00-ға дейін қаладағы сайлаушылардың 24 пайызы саяси науқанға қатысқан. Учаскелерде сағат 12-ге дейін үйде жатып дауыс беретін сайлаушылардан өтініштер қабылданған. Барлық нысанда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ, келімді-кетімді халықтың көңіл-күйін көтеру үшін концерттік бағдарламалар қойылып, ас-ауқат саудасы ұйымдастырылды.
“Бүгін барлық ел үшін маңызды күн. Бұл дата Қазақстан тарихында қалатыны анық. Өйткені бүкіл халық болып елдің саяси дамуы, мемлекетіміздің жаңа бағытын айқындауы жолында азаматтық міндетін атқарып жатыр. Сайлау дегеніміз – елдің болашағын таңдау. Тұрғындардың белсенділігін байқап отырмыз. Өзім төрағалық етіп отырған №137 учаскеге 2540 сайлаушы тіркелген. Олардың ішінде есту қабілетінен айырылған 3, зағип 4 адам, мүгедек арбасына таңылған 6 тұрғын бар. Оларға арнайы көмек көрсетіледі. Сағат 12:00-ге дейін 1360 адам дауыс беріп үлгерді”, – дейді Наталья Шопанова.
№137 учаскедегі бақылаушылар сайлау процесі ешқандай ереже бұзушылықсыз өтіп жатқанын айтып отыр. Тұрғындар белсенділігі ерекше. Учаске ашылмай тұрып ұзын-сонар кезек қалыптасыпты. Кейін адамдар екі-үшеуден келе бастаған.