Рудныйлық кәсіпкер ұлттық құндылықты дәріптеп келеді 

Рудныйлық кәсіпкер ұлттық құндылықты дәріптеп келеді 

Қостанай облысына қоныс аударған қандастардың арасында өз еңбегімен өрге жүзіп, ұлттық құндылықты еңбекпен ұштастырып жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – Рудный қаласының кәсіпкері, ұлттық киімдер шебері Ғазиза Құрманбаева.

Ғазиза ханымды өзінің ашқан шағын ательесінен таптық. Ішке енген сәтте-ақ ұлттық нақыштағы киімдер көздің жауын алады. Түрлі оюмен көмкерілген камзолдар қаз-қатар ілініп тұр, әрқайсысы бір-бір өнер туындысы дерсің. Қалыңдық сәукелелері ерекше көз тартады, моншақтары жалт-жұлт етіп, қазақы салттың айрықша сәнін паш етеді.

Бұл киімдердің барлығын Ғазиза ханымның өзі тігіп шықпаған. Бір бөлігі арнайы тапсырыспен алдырылған, жалға беріледі немесе сатылады. Дегенмен шебердің өз қолынан шыққан дүниелері де аз емес. Әсіресе ол балаларға арналған киімдерді тіккенді ұнатады. Ғазизаның айтуынша, ұлттық киімге деген құштарлығы бала күнінен бастау алған.
blank blank

«Өзбекстанда тұрсақ та, таза қазақы ортада өстік. Салт-дәстүрімізді жоғалтпай, үлкендердің өнегесін көріп, тәрбиесін алдық. Сол себепті Қазақстанға келгенде бөтенсіну деген болмады. Өзбекстандағы қазақ мектептері қысқара бастады, білім өзбек тілінде беріле бастады. Болашағымызға алаңдап, балалар өз елінде білім алсын деген ниетпен ата-әжелеріміз үнемі айтып отыратын. Сөйтіп тарихи Отанға көшуге кесімді шешім қабылдадық», – деп еске алады өткен күндерді.

Олар 2014 жылы отбасымен бірге қоныс аударған.

«Келгенде бір баламыз бар еді, қазір көпбалалы жанұямыз. Алғашқы жылдары баламен үйде болдым. Бірақ қолым қалт етсе, үйге қажетті дүниелерді тігіп, түрлі ісмерлікпен айналысып жүрдім», – дейді ол.

Қостанай өңіріне қоныс тепкен отбасы Рудный қаласына тез үйренген. Уақыт өте келе Ғазиза өзінің көптен бергі арманы ұлттық киімдер тігетін ателье ашуға бел буады. Қызығушылық пен қабілетті кәсіпке айналдыру мақсатында бизнес-жоспар дайындап, мемлекеттік грантқа құжат тапсырады. Жоба комиссияның көңілінен шығып, 1,5 миллион теңге грант ұтып алады.

blank

Алған қаражатқа қажетті құрал-жабдық алып, жұмысын бастаған. Бүгінде Ғазиза ханымның ательесінде ұлттық нақыштағы камзолдар, сәукеле мен қалыңдық көйлектері, этностильдегі заманауи киімдер тігіледі. Сонымен бірге балаларға арналған небір киімдер жабдықтары, ұлттық аксессуарлар да бар.

Екі жыл киімдері сұранысқа ие болып, тұрақты тұтынушылар қалыптасқан.

«Қазақы киімге қызығушылық бар. Әсіресе той-томалақ, мерекелік кештерге тапсырыс көп түседі. Ең бастысы табысымыз жетеді. Алдағы уақытта ательені кеңейтіп, ұлттық киімнің жаңа түрлерін қоссақ деп жоспарлап отырмыз», – дейді кәсіпкер.

Ғазиза атамекенде өзінің кәсібін бастап, ұлттық киімді заманауи үлгіде дәріптеп, қазақтың бай мәдениетін танымал ете отырып, өңірдің кәсіпкерлік әлеуетіне де үлес қосып отырған ана.

 

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Айдана Марат

Рудный қаласы