Қаланың қоғамдық көліктері ескірген. Бұл автобустардың бағытта жүргеніне 15-20 жыл болған. Осыны ескерген қала билігі тең жартысына жуығын жаңартуды ойлап отыр.
«Биыл алғаш рет тасымалдарды субсидиялауға 860 миллион теңге бөлінді. Бұл 37 жаңа автобусты сатып алуға мүмкіндік береді. Ол көліктер Қостанайда жиналған, ұзындығы 11 метрлік. Осылайша Рудный қаласындағы автобустардың шамамен 50 пайызы жаңартылады. Бұл қала үшін өте маңызды. Өйткені, қоғамдық көліктердің ескіргенін көріп отырмыз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Өткен жылдың қараша айында қала әкімдігі 12 қалалық автобус маршрутын әлеуметтік маңызы бар деп таныған.
«Рудный қаласының тасымалдаушы төрт компаниясы өтінім берді. Егер мақұлданған жағдайда, қала автобустарының паркі айтарлықтан жаңарады. Сондай-ақ, жүргізушілер мен жолаушылар үшін жайлылық пен қауіпсіздік деңгейі артады», – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.
Сералы МЫРЗАБАЙ