Бейімбет Майлин ауданына қарасты Тобыл кентінің тұрғыны Рахат Нағашыбай үйінің ауласын су басып, тіпті ылғал үй ішіне дейін өткенін айтып, редакциямызға шағымданды. Оның айтуынша, бұл мәселе өткен жылы «QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «QazaqGaz Aimaq» АҚ көктемде көгілдір отын тарту жұмыстары жүргізгеннен кейін, үйінің іргесі мен бақшасы судан көз ашпай қалған.
– 2024 жылдың көктемінде ауданға қарасты республикалық трасса бойындағы үйлерге газ құбырын тарту жұмыстары басталды. Мамыр айында алғашқы мердігер компания жұмыс істеді, бірақ кейін қаржылық қиындықтарға байланысты олар кетіп, басқа мердігер келді. Осыдан кейін менің үйімнің іші судан арылмай келе жатыр, – дейді Рахат Нағашыбай.
Оның айтуынша, газ құбырларын тарту кезінде судың табиғи ағу жолы – арықтар бітеліп қалған. Соның салдарынан еріген қар мен жаңбыр суы үй ауласына жиналып, баспананың ішіне де кірген.
– Бұрын мұндай жағдай болмаған еді. Қабырғалар ылғал тартып, тұсқағаздарымыз қайта-қайта сыпырылып түсіп жатыр. Еденнің асты дым тартып, кілемге дейін іріп кетті. Көкөніс өсіруден де пайда жоқ – топырақ ылғалданып, картоп толықтай шіріп кетті. Бірнеше рет жұмыс орнынан арнайы су сорғызуға мәжбүр болдық. Бұл мәселе шешілмесе, алдағы көктем мен күзде тағы да су астында қалуымыз мүмкін, – дейді Рахат Нағашыбайдың жары Самал Әбілдина.
Тұрғындар бұл мәселені бірнеше рет Тобыл кентінің әкімдігіне жеткізген.
Жергілікті билік бастапқыда суды сорғызғанымен, кейін ешқандай нақты шара қабылданбаған.
Бұл жағдайға қатысты Тобыл кенті әкімінің орынбасары Байбол Хасенов қандай түсініктеме берді?
Ол туралы газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Әйгерім МҰРАТБЕК,
ҚӨУ студенті
Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК
Б. Майлин ауданы