4 маусым күні Рудный қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Қаланың орталық алаңында ұйымдастырылған мерекелік рәсімге тұрғындар, жастар, ардагерлер және қала қонақтары қатысты.
Іс-шараның басты сәті – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде көтеру рәсімі болды. Дмитрий Карбышев атындағы мектептің оқушылары көлемі 8х4 метр болатын Мемлекеттік Туды алаңға алып шықты. Кейін биіктігі 20 метрлік ту тұғырына көлемі 6 х 3 метр болатын Көк байрақ көтерілді.

Мерекелік шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінің әскери оркестрі қатысып, патриоттық шығармаларды орындады. Әскери оркестрдің өнері іс-шараның ерекше атмосферасын қалыптастырып, қатысушылардың көңіл-күйін көтерді.
Сондай-ақ мерекелік бағдарлама аясында Рудный қаласының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, Отанға деген сүйіспеншілік пен мемлекеттік рәміздерге құрметті дәріптейтін әндер орындады.

Қала тұрғыны Бақтыгүл Макишованың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпал етеді.
– Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігінің нышаны. Бүгінгі мерекелік шара өте әсерлі өтті. Әсіресе, Тудың салтанатты түрде көтерілу сәті ерекше толқыныс сыйлады. Осындай мерекелердің тәрбиелік маңызы зор, – деді ол.
Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – Қазақстанның егемендігі мен ұлттық тұтастығын айқындайтын басты құндылықтар. Сондықтан Мемлекеттік рәміздер күні азаматтардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық рухты нығайтатын маңызды мерекелердің бірі болып қала береді.
Ақерке АРЫСТАНБАЙ
ҚӨУ студенті
