Биыл Рудный қалалық ардагерлер ұйымының құрылғанына – 50 жыл. Мерейтой аясында түрлі іс-шаралар легі өткізіліп келеді. Сондай айтулы жобаның бірі, бүгінде өткізу дәстүрге айналған “Екі ұрпақтың жұлдыздары” ән фестивалі ұйымдастырылды.
Осы уақытқа дейін қарт буын мен жастар бірігіп ән шырқап келсе, биыл мерейтойға орай форматы өзгертіліп, тек қарттар жұп-жұп болып өнер көрсетті. Тоғызыншы рет ұйымдастырылған байқауда 13 жұп бақ сынады. Әр қатысушы әндерін дайындап, сахналық киім үлгісін әзірлеп, ерекше дайындықпен келген. Көруге келген қарттар залға сыймай, қосымша орындықтар қойдыртып тамашалады.
Қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Сәлімгерей Бексейітовтің айтуынша, жарысқа тек рудныйлық қарттардан бөлек, Қашар кентімен Лисаков және Қостанай қаласынан да жұптар келген.
– Қалалық ардагерлер ұйымы бұл байқауды 2013 жылдан бері өткізіп келеді. Ең алғаш бастағанда шағын ғана залда болатын, қазір ауқымы кеңейіп, танымалдылығы артты. Келер жыл мерейтой, яғни 10 жыл толады. Мерейтойға орай, форматын сәл өзгерттіп, осы уақытқа дейін қарттар мен жастар бірге ән шырқаса, биыл тек қарттар жұп болып сахнаға шықты, – дейді Сәлімгерей Бексейітов.
Қатысушылар әр ұлт өкілінен болғандықтан әндер де бір-біріне ұқсамайды. Байқаудық тұрақты қатысушысы Татьяна Жемчук осы жолы құрбысы Мадина Хусточкамен өнер көрсетті.
– Жыл сайын қалмай қатысып келемін. Әр жылда өзгеше әндерді таңдауға тырысамыз. Өзім мәдениет саласында қызмет істедім, әншімін. Қартайған соң да отырып қалмай, әлі күнге дейін мәдениет үйіне барып тұрамын, – дейді зейнеткер Татьяна Жемчук.
Мадина Хусточка биыл алғашы рет қатысып отыр. Сахнаға шығар алдында ерекше қобалжығанын айтады. Ол Қашар кентінде ұзақ жыл қызмет етіп, зейнетке шыққан.
– Осы уақытқа дейін көрермен ретінде келсем, биыл құрбымның қолқасымен байқауға қатыстым. Алғашқы рет сахнаға шығып тұрған соң қобалжығаным рас, бірақ ән басталғанда бірден сейілді, – дейді қатысушы Мадина Хусточка.
Байқау қатысушылары аталымдармен марапатталды. Сондай-ақ, оларға демеушілер тағайындаған сыйлықтар табысталды.
Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ