Мерейтойыңыз құтты болсын!

Мерейтойыңыз құтты болсын!

Құрметті Жанұзақ Аязбекұлы! Сізді 70 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!

Өңір журналистикасы мен әдебиетінде айшықты қолтаңбасы бар, есімі елге етене таныс өзіңіздей тарлан тұлғаны бедел биігіндегі жан деп білеміз. Көп жылғы еңбегіңіз, халық алдындағы қызметіңіз қашанда бағалы. Ең әуелі өңірдегі телевизия саласының дамуына қосқан үлесіңіз қомақты. Қазіргі «Қостанай» телеарнасының құрылуына, еңсе түзеуіне зор еңбек сіңірген қайраткерлер қатарынансыз. Сол мекемеде отыз жылдан астам уақыт табан аудармай қызмет етіп, басшылық лауазымды абыройлы атқарғаныңыз жергілікті телевизия тарихында сайрап тұр. Облыс баспасөзінің қарашаңырағы – Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлин негізін салған қастерлі басылым – «Қостанай таңы» газетінің де тізгінін ұстап, білікті басшы, шебер ұйымдастырушы екеніңізді дәлелдеген тұлғасыз. Қарт басылымның дамып-жетіле түсуіне күш-жігеріңізді жұмылдырып, редакцияның мүддесін биік ұстап, ұжымның беделін бейнетқорлықпен өрге сүйредіңіз. Жалпы, сізді Тобыл-Торғай өңірінде өзінің шеберханасы, тағылымды мектебі қалыптасқан майталман деп танимыз. Шекпеніңізден шыққан көптеген шәкіртіңіздің бүгінде облыстық, республикалық деңгейде танымал болып жүргені соның жарқын дәлелі. Құрметті демалысқа шыққанға дейін ізбасарларыңызға қамқор ұстаз, әділетті әріптес, ниеттес, сыйлы аға бола білдіңіз. Бағыңызға бұйырған БАҚ саласында жеткен жетістіктеріңіз – көп жылғы үзірлі еңбегіңіздің өтеуі. Айталық, «Қазақстанның құрметті журналисі», «Қазақстан Журналистер академиясының академигі» атақтары, «Құрмет» ордені, республикалық Г.Толмачев атындағы «Қазақстандағы ең үздік облыстық газеттің бас редакторы» сыйлығы және басқа да толып жатқан мәртебелі марапаттарыңыз қазақ журналистикасында лайықты орны бар тұлға екеніңізді айғақтайды.

Сіздің әдеби, публицистикалық еңбектеріңіз – өз алдына бөлек әлем. Қаламы жүйрік, ой ұшқыр, сөзі сара жазушысыз. Әдебиет сыншысы ретінде де жоғары бағаңызды алдыңыз. Осы бағыттағы бір ғана «Бальзак неге жылады?» атты еңбегіңіздің өзі ауыз толтырып айтарлықтай мазмұнды, салмақты дүние. Осы туындыңыз үшін халықаралық «Алаш» сыйлығы қанжығаңызға байланған еді. Мұнымен қоса, «Ағайынның арасы», «Тіршіліктің сауалы», «Кие мен ие», «Ел сөзі» секілді кітаптарыңыз да өңірдің рухани қазынасын байыта түскен зор олжа деп білеміз.

Қадірлі Жанұзақ Аязбекұлы, қаламыңыз қолыңыздан түспей, әлі де сүбелі еңбектеріңізбен қалың оқырманды қуанта беруіңізге тілектеспіз! Ғұмыр жасыңыз ұзақ, деніңіз сау, әулетіңіз аман, шаңырағыңыз берекелі де мерекелі болсын!

 

Қазығын қалам, азығын ой мен мұң еткен,

Ақтарып кенін сана дейтұғын шүңеттен,

Толғана кетсе, сұлуын сөздің түлеткен,

Тынысын тыңдап, аңысын аңдап дәуірдің,

Қоғамға дулы қараған сергек жүрекпен;

 

Іргесі шалғай дабыра менен дүрмектен,

Айнымас бірақ ар алдындағы міндеттен;

Талағы битті талаптыларға қормал боп,

Ақырын жүріп, анық басуды үлгі еткен

Қарайды Сізге шәкірттеріңіз құрметпен!

 

Мұғадар-мұң мен сұңғыла сыр боп шертері,

Адақтадыңыз әдебиет деген өлкені.

Тұлғасыз нағыз тұрғыластары таңданған,

Жығылмай өткен, құбылмай өткен бағдардан

Журналистика айдынындағы желкені!

 

Көп тәліміңізбен көкірегіне нұр еніп,

Соңыңыздан ерген ізбасарлардың бірі едік.

Мерейлі 70 жасыңызбенен құттықтап,

Құрметіңізге ақ пейілменен жыр өріп,

Біз өзіңізге ғасырлық ғұмыр тіледік!

 

Ізгі тілекпен – «Қостанай таңы» газетінің ұжымы

Жаңалықтармен бөлісу