Белгілі сатирик, журналист Дамир Әбіштің 80 жасқа толуына орай бенефис-кеш өтті

Белгілі сатирик, журналист Дамир Әбіштің 80 жасқа толуына орай бенефис-кеш өтті

Қазақстанның мәдениет қайраткері, дарынды қаламгер, жампоз журналист, шебер сатирик Дамир Әбіш 80 жылдық мерейтойы қарсаңында оқырманмен кездесу өткізді. Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханадағы бенефис-кеш “Дәмер-думан” деп аталды.

Дамир Сәкенұлы – облыстық “Қостанай таңы” газетінде табан аудармай 42 жыл тілші болып қызмет еткен ардагер журналист. Сын-садағы сайлаулы сатира сардары. Қаламгердің шығармашылық қолтаңбасы облысқа ғана емес, тұтас республикаға жақсы таныс. Дарын иесіне құрмет көрсетуге арналған кездесуге замандас, қаламдастары, сыйлас әріптестері, ізбасарлары мен студенттер қатысты. Ол балалық шағынан бастап, қызмет еткен дәуірі, шығармашылық жолы туралы кеңінен баяндап берді.

“Мен шығармашылық қадамымды мектеп қабырғасында өлең жазудан бастадым. Тырнақалды туындыларым қабырға газеттерінде, жергілікті басылымдарда жарық көріп жүрді. Әзіл аралас өлеңдерім оқушылардың да ауызында жүретін. Кейін осы қабілетім қолымнан қаламды тастамауыма себеп болды. Журналистика мамандығын бітіріп, ұзақ жыл облыстық газетте жұмыс істедім. Қызметіме, мамандығыма мейлінше адал болуға тырыстым. Тек шындықтың жақтасы болдым. Түрлі мәселелерді көтеріп, қоғамда резонанс тудырған мақалаларым толып жатыр. Сатира жанрында да аз қалам сілтемедім. Таңдаулы туындыларым “Күлкі керуені”, “Тамаша” театрларында сахналанды”, – дейді Дамир ағамыз.

Расымен де, кәсібіне адал, қағидасына берік журналистің “Мен сенің мемлекеттік тіліңе түкірдім”, “Брагин не деп сандырақтайды?” сияқты өткір мақалалары республиканы шулатқан еді. Шындықтың соңына “шам ала түскен” ақиқатшыл Дамир Сәкенұлы “сүттен таза, судан ақ екенін” дәлелдегісі келген кейіпкерлерімен бірнеше рет соттасып, ақыр аяғында жеңіп шыққаны бар. Айта берсек, ақмылтық журналистің қызмет барысында бастан кешірген қызығы мен шыжығы жетіп-артылады. Сондай ұмытылмас сәттерден кеш иесінің өзі де, сахнаға тілек-лебіз айтуға шыққан замандастары мен әріптес, ізбасарлары да қызықты естеліктер айтты. Ал Қостанай педагогикалық колледжінің дарынды студенттері сатириктің туындыларынан қойылым қойып, көрерменді күлкіге қарық қылды. Автордың “Қисықтың хикаялары” атты сатиралық шығармалар кітабы, “Халқым деп соққан жүрегі” аталатын мақала-очерктер жинағы бар. Сексеннің сеңгіріне шыққан дарын иесі қолынан қаламын әлі де тастаған жоқ. Небір жаңа туындылары ел жүзіндегі беделді басылымдар мен порталдарда жарық көріп жүр. Қаламгер әлі екі-үш кітапқа жүк болатын шығармаларының дайын тұрғанын айтады.

Толығырақ – газеттің алдағы нөмірінде.

Жандос ЖҮСІПБЕК

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу