Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ президенті Рауан Кенжеханұлы АІ және лингвистика: цифрлық синергия дәуірі» форумында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің басым бағыттарына тоқталды.
Қоғам қайраткері қазақ тілін тұғырына қондыру жолында 35 жыл қызмет етіп келе жатқан қоғамдық бірлестіктің қызметін, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде баяндады.
«Қазір біз үшін ең маңызды үш бағыт бар. Бұларды Мемлекет басшысына таныстырып, мән-мазмұнын баяндадық. Біріншісі — білім беру саласындағы тілді оқыту әдістемесі. Балабақша, мектеп, колледж, ЖОО — ел азаматтары мемлекеттік тілмен толықтай танысатын және тілдік дағдыларды қалыптастыратын негізгі орта. Сондықтан, біздіңше, білім беру жүйесіндегі тілді оқыту әдістемесі мен тәжірибесі дұрыс жолға қойылмай, басқа салалардағы тілге қатысты мамандарымыз көп нәтиже бере алмайды», — дейді Рауан Кенжеханұлы.
Ол атап өткен екінші үлкен бағыт — қазақ тіліндегі мазмұнды барынша көбейту. Ол балдырғандардың тілін шығаруға қажетті балалар әдебиетінен бастап, мультфильмі, киносы бар, ғылыми және іскерлік әдебиеті бар, әр адамның тұлға, маман ретінде қалыптасуына себепші кез келген мазмұн қазақ тілінде қолжетімді болуы керек.
«Үшіншісі — технология. Қолымыздағы технологиялық құрал, қолданбалар жаппай қазақ тілінде еркін, жатық, ыңғайлы жұмыс істеп тұруға тиіс. Осы бағыттарға күш-жігер жұмсап жатырмыз. Жеміссіз де емес», — дейді Рауан Кенжеханұлы.
Ол аталған бағыттарды ілгерілету үшін қолға алынған жұмыстарды тарқатып берді. Осы тұрғыда қостанайлық әріптестермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге дайын екендерін айтты. Бұдан бөлек, ел көлемінде жыл бойы іске асырылған жобалар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ Президенттің АҚШ-қа сапары кезінде ЖИ саласында маңызды келісімдер жасалғанын еске салды. Атап айтқанда, ендігіде ChatGPT қолданбасы қазақ тілі танымына, мазмұнына сай тереңдетіле түспек.
«Мұнымен қоса, «ChatGPT EDU» деп аталатын мұғалімдерге арналған нұсқасын бөлек дамытып, еліміздегі 165 мың мұғалімге қаңтар айынан бастап тегін ашып береміз. Бұл да біздің зор жетістігіміз. Осының арқасында технологиялық бағыттағы қазақ тілінің дамуына маңызды қадам жасалады деп сенеміз», — деп толықтырды ол.
Толығырақ — газеттің алдағы санында.
Суреттерді түсірген — Бердіболат Көркембаев
