Бекмұхамбет Оразбайұлының адами қасиеттерін Құсмұрын жұрты әлі күнге дейін айтып отырады. Аурухананың туберкулез бөлімшесінде қырық жылдан астам уақыт меңгерушісі болып халқына адал қызмет етті. 1999 жылы “Ауылдың Құрметті азаматы” атағы берілді. Кейін орталық көшелердің бірі сол кісінің атымен аталып, ұлықталды.
Бүгінде 1 және 2 дәрежелі Отан соғысы ордендерінің иегері, еңбек ардагері Бекмұхамбет Серіковтің туғанына жүз жыл толып отыр. Осы айтулы дата мен медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында өз есімі берілген көшенің бойынан ескерткіш стела ашылды.
Бұл бастамаға Серіковтер әулеті мұрындық болып, алыс-жақын ауыл азаматтары қолдау көрсетті.
Баласы Жұмағали әке жолын қумаса да бойына кісіге деген қамқорлығын дарытқан ауылдың арқасүйер азаматы.
Кезінде техниканың құлағында ойнаған ағамыз бүгінде білдей бір шаруа қожалығының жетекшісі. Ауылдың қарапайым тұрғындарынан көмек қолын аяған емес.
“Әкемді кішіпейілдігімен ел құрметтеген. Осында Қарағандыдан жолдамамен жіберген жылдары жан-жақтан қоныс аударған түрлі халықтың қатары мол болған екен. Сол кісілердің ешқайсысын бөле-жармай бауырындай көріп келді. Әкемнің осы тәрбиесін өмірлік үлгі тұтамыз”, – дейді ол.
Ақ халатты абзал жанның ата жолын немересі Серік жалғастырып келе жатыр.
Қарағанды медициналық институтының үздік түлегі атанған Серік қазір Астанадағы академик Бәтпенов атындағы ұлтттық травматология және ортопедия орталығының бас оташысы.
“Атамызды әрдайым мақтан етіп, ізімен келе жатырмыз. Осы жолға үлкен еңбекпен келгенін үнемі айтып отыратын. Соғысқа қатысқан атамыз үш рет жараланып, контузия алады. Госпитальда жарақатын ауырсынған жауынгерлерді көргенде ақ халат киіп, көмек қолымды беремін деп өзіне ант берген екен. Демболизацияда жүрген жылдары оқуға түсуге емтихан тапсыру үшін мүгедектігінен бас тартқан. “Жаман халық болмайды, жаман адам болады”, деген сөзі бүгінде елдің мәтеліне айналған. Ол кісі ешкімді бөлмейтін”, – деп еске алады немересі Серік.
Кезінде осы қиын-қыстау кезеңдерді бірге бөліскен бауырының баласы Тұяқ ағасының ғасырлық еске алуына ат шалып Ресейден жеткен екен.
“Осыдан бірнеше жыл бұрын ағамыздың атына Құсмұрыннан көше берілген еді. Бүгін, міне, сол көшенің бойынан ғасырлық еске алу сәтінде стелланың ашылуына куә болып отырмыз. Ауыл тұрғындары ол кісінің талай шипасын көрді. Арасы жүз шақырымнан астам елді мекендерді аралап жүріп, ем-домын жасағанын талай көрдік. Ағамыздың ең үлкен арманы сол көрген-түйгенін ғылымда қорғап шығу болатын. Бүгінде дегені орындалып, немересі Серік ата жолын жалғады. Ғалымдық дәрежеге жетті”, – деді немере бауыры Тұяқ Ережепов.
Астана қаласынан жүз жылдық кешке Бекмұмбет Оразбайұлының туған жиені Кенжекей Қуандыққызы да келіп, рухына тағзым етті.
“Елге көмектескісі келіп тұратын елгезек жан еді. Жары Рая екеуі бес бала тәрбиелеп, соның бүгінде жемісін көріп отыр”, – дейді Кенжекей Нұрпейісова.
Стеланың ашылуында Құсмұрын ауылының әкімі Әбидолла Әбжанов аяулы дәрігердің өнегелі істері ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
Бұл іс-шараға облыстық, аудандық денсаулық сақтау саласының басшылық өкілдері қатысты. Кезінде бірге қызметтес болған әріптестері жылы-жылы естеліктерімен бөлісті. Солардың бірі Қарлығаш Әбішева Құсмұрын ауруханасында 44 жыл тер төккен.
“Мен осы ауылдың ауруханасына 1971 жылы келдім. Бір бөлімшеде еңбек етіп, ағайдың қамқорлығын көрдік”, – деп еске алады Қарлығаш Әбішева.
Әріптесі Баян Темірбаева бір бөлімшеде қатар жұмыс істегенін айтады.
Іс-шарада бұл кісілерге ұрпақтарының атынан кәде сыйлар мен Алғыс хаттар табыс етілді. Аяулы дәрігердің өмір жолынан сыр шертілді.
Тұлғаның құрметіне село орталығында меркелік концерт пен спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бекмұхамбет Оразбайұлы қазіргі Ақмола облысы Есіл ауданы Бұзылық ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Ашаршылық уақытында ата-анасынан ерте айырылып, Қызылорда қаласындағы балалар үйіне жіберіледі. Кейін ағаларының қолында өсіп, әскер қатарына шақырылды. Панфилов дивизиясы сегізінші гвардиялық полкінің құрамына ілігеді. Смоленск, Калинин, Старая Русса, Польша, Шығыс Пруссия, Чехословакия, Латвия, Литва, Эстонияны азат етуге қатысқан. Кенигсбергке шабуыл жасауға атсалысты.
1946-1949 жылдары Қарағанды медициналық училищесінде оқып білім алады. Кейін Қарағанды медициналық институтын тәмамдаған. Ленинградтағы әскери-медициналық академиясын бітірген. 1960 жылы Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының жолдамасымен Құсмұрын ауруханасына жіберілді.
Ерен қызметі үшін I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Еңбек үшін» ордендерімен марапатталған. «Ерлік», сондай-ақ Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуковтың, «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен және сегіз мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Айбек ЖҮЗБАЙ