«Құрметке like»: Рудныйда қазақ тілі жанашырлары марапатталды

«Құрметке like»: Рудныйда қазақ тілі жанашырлары марапатталды

Рудныйда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қостанай облыстық филиалының ұйытқы болуымен «Құрметке like» форумы өтті. Жиында қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар «Тіл жанашыры» мүсіншесімен марапатталды.

Облыстық «Қазақ тілі» қоғамы әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыс аясында кеншілер қаласында төрт ауқымды іс-шара өткізген. Айталық, «Ана тілім – ардағым» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, оған Назарбаев университеті мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессорлары мен «Miras» қоғамдық кеңесінің мүшелері қатысты. «Мемлекеттік тілді оқытудың әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы семинарға орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ беретін қырыққа жуық мұғалім тартылған.

Он екі айдың бедерінде облыстық филиал елуге тарта іс-шараға қатысыпты. Соның елеулісі кеншілер шаһарында ұйымдастырылды. Қаланың Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жүктеген әлеуметтік-мемлекеттік тапсырысын орындауды «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы мойнына алған «Құрметке like» форумын өткіздік. Тамыз айында «Ахаңа тағзым» ғылыми-танымдық экспедициясы ұйымдастырылып, мүшелері Торғайдағы мұражайларды аралады. Ахметтің ауылына барып, музей-үйін тамашалап, ақ кесенесіне зиярат етті. Форум барысында қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген рудныйлық азаматтарға «Тіл жанашыры» мүсіншесін табыстадық, – дейді «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ Қостанай облыстық филиалының төрағасы Заңғар Санай.

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік тілдің дамуына бағытталған жобаларға әркез қолдау болатынын жеткізді.

Мемлекеттік тілді дамыту жолында атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес. Форум – соның айқын көрінісі. Жыл бойына ауқымды 4 іс-шара атқарылды. Нәтижесі жақсы. Марапат алғандар қатарында өзге ұлт өкілдері де бар. Яғни, қазақ тілінің көкжиегі кеңіп, үйренушілер қатарының артқанын байқауға болады. Ел азаматтары биік мінберлерде қазақ тілінде сөйлеп, мәртебесі асқақтай берсін, – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанат Мырзабаева.

Ольга Гаджиева ERG сервисінде үйлестіруші қызметін атқарады. Оның қазақ тілін үйренгеніне 25 жылдан асып барады. Бүгінде еркін сөйлейді. Форумда қазақша ән шырқады.

Қазақ тілін мектеп кезінен бастап үйрендім. Жұмыста қазақша сөйлеймін, жаза да аламын. Қазақтың салт-дәстүрлерін де берік ұстанамын. Қызым дүниеге келгенде қырқынан шығардым. Тілді ерекше құрметтеймін, – дейді орыс ұлтының өкілі Ольга Гаджиева.

Барлығы 10 адам «Тіл жанашыры» мүсіншесін иеленді. Форум аясында облыстық мұражайлардың көшпелі көрмесі қойылып, салт-дәстүр насихатталды.

Сералы МЫРЗАБАЙ 

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу