Құмар Ақсақалов: “1 маусымға дейін барлық бюджеттік қаражатты игеруді тапсырамын”

Құмар Ақсақалов: “1 маусымға дейін барлық бюджеттік қаражатты игеруді тапсырамын”

Жылдың алғашқы тоқсанында облыс экономикасының деңгейі өсе түскен. Әсіресе, құрылыс жұмыстары, көлік өндірісі, бөлшек сауда, өнеркәсіп, және тау-кен өндірісінің аяқ алысы жаман емес. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының жетекшісі Гүлбарам Мұсағазинаның айтуынша, қаңтар-наурыз айларында өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі мен бөлшек сауда – 8,8%-ке ұлғайған.

Бұдан кейінгі сатыда өнеркәсіп пен көлік қызметі тұр. Тұрғын үй құрылысы мәселесінде де кемдік жоқ.

“Алғашқы үш айдың бедерінде облыстағы  өнеркәсіп кәсіпорындары 660,7 млрд теңгенің  өнімін өндірді. Оның ішінде тау-кен өндіру секторында 188,1 млрд  теңге, өңдеу секторында 446,5млрд теңгенің  өнімін шығарды. Тау-кен өндірісінде өсім бар. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім негізінен машина құрастыру  өндірісін 6,4%-ке, металлургия өндірісін 1,5%-ке және сусындарды 7,3%-ке ұлғайту есебінен түзіліп отыр. Сондай-ақ, жеңіл көлік шығару, болат илемі, сусындар өндірісі ұлғайған”, – деді Гүлбарам Мұсағазина.

Оның айтуынша, Арқалық, Рудный қалалары мен Жітіқара, Федоров, Сарыкөл аудандарында өнім өңдеу көлемі едәуір артқан. Дегенмен, Лисаковта, Қарасу, Ұзынкөл, Денисов, Меңдіқара аудандарында қағаз бұйымдарын шығару, ұн, ет, сүт, сары май өндірісінің төмендеуіне байланысты жалпы көрсеткіш төмендеп кеткен. Ет,сүт демекші ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде Рудный, Арқалық, федоров, Жанкелдин, Аманкелді аудандарының мойны озық тұр. Жұмыртқа, сүт, ет өнімдерін өндіру көлемі азайғанмен Жітіқара, Ұзынкөл, Қарабалық, Қарасу, Алтынсарин аудандарының да жағдайы көш ілгері.

Облыс экономикасына  тартылған жеке инвестициялардың өсімі 13,4% -ке тең.  Яғни, салаға үш айдың ішінде  98 млрд теңге құйылған.  Өңірде 2,6 трлн теңгеге бағаланған 59 инвест. жоба қолға алынған.  Олар  ел игілігіне айналғанда 11,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша Қостанай қаласы, Жанкелдин, Қарабалық, Алтынсарин,  Меңдіқара аудандары алда тұр.  Ал Федоров, Қарасу, Сарыкөл, Ұзынкөл аудандарында жағдай керісінше.

“Сондықтан, қалалар мен аудан әкімдері проблемалық мәселелерге ерекше назар аударып, келесі тоқсанның қорытындысын шығарғанға дейін  өсім көлемін арттыруға күш жұмсауы керек. Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктер көктемгі  дала жұмыстарын айрықша назарда ұстап, егіс жұмыстарын  уақытында аяқтауға көңіл бөлгендері жөн. Биылғы көктем жылдағыдай емес, ерекше. Топырақта ылғал өте көп.  Дизельдік отынды жеткізу сияқты барлық ұйымдастыру жұмысы көзден таса болмауы тиіс. Мал  өнімдерін өндіру көлемін төмендетуге жол берілмеуі керек.  Кәсіпорындармен жүйелі  жұмыс істеп, жеке инвестиция тарту жағдайын оңалтқан жөн. Тұрғын үй мәселесін де назарда ұстаңыздар.  1 маусымға дейін барлық бюджеттік қаражатты игеруді тапсырамын”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Облыс  басшысы жеке инвестиция тарту жұмыстары одан әрі жалғаса беретіндігін айтты. Өйткені, инвестиция – экономиканы дамытудың негізгі қозғалқышы.  Қаражат неғұрлым көбірек тартылса, өңір экономикасы соғұрлым жылдам дами түседі. Жалпы, жылма-жыл тартылған инвестиция көлемі артып келеді. Мәселен, соңғы үш жылда  ол 26% -ке өскен. Биылғы үш айдың өзінде облыс экономикасына 105 млрд теңге құйылды. Соның арқасында өңірде ауқымды жобалар қолға алынды. Осы қарқынды бәсеңдетіп алмауымыз керек деді Құмар Ақсақалов.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу