Елу ауылға сапалы интернет тартылады

Елу ауылға сапалы интернет тартылады

Облыстың елу шақты елді мекенінде  4G стандартты сапалы мобильді байланыс желісі  пайда болады.   Бұл туралы облыстық  ақпараттандыру басқармасының басшысы Азамат Қашиев  мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде  облыста   492 ауыл болса, соның  331-4G стандартты, яғни, сапалы интернетпен қамтылған. 161 ауылда байланыс желісі нашар.

“Аталған проблеманы шешу үшін байланыс операторлары мен серіктестіктер биыл  жылы облыстың 50  елді мекеніне антенна-діңгек құрылыстарын салуды жоспарлап отыр. “19 ауыл бойынша антенналардың жобалық-құндық құжаттары әзірленді.  Оның ішінде 12 ауылда  мачта мұнарасының  құрылысын салуға  280 млн. теңге қаражат бөлінді”, –  деді Азамат Қашиев.

Әлгі ауылдарда  тиісті антенналар дайын болғасын байланыс операторлары 4G стандартының базалық станциясын кезең-кезеңімен орнатып шықпақ.

Басқарма басшысының айтқанындай, қазіргі уақытта жарықсыз отырған  елді мекендерде дизельді-генераторлық қондырғылардың көмегімен мобильді және стационарлық байланыс  қосылған. Мектеп оқушыларын үздіксіз оқытуды қамтамасыз ету үшін облыс  әкімдігі цифрлық даму министрлігімен бірлесіп  отыз шақты Starlink  жиынтығын жеткізу мәселесін пысықтады. Олардың барлығы білім беру сегментінде сәтті орнатылған және конфигурацияланған. Жақын арада тағы 150 жиынтық жеткізілмек. Жалпы, аталған технологиямен 180 мектепті қамту жоспарланып отыр. Демек, оқушылар жоғары жылдамдықты интернет арқылы онлайн білім беру ресурстарын пайдалана алады.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу